Елордада терезеден құлауға шақ қалған бүлдіршінді құтқарып қалған азамат марапатталды (фото)
Жарияланған күні:
Нұр-Сұлтанда көп қабатты үйдегі пәтердің терезесінен құлауға шақ қалған бүлдіршінді құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаев марапатталды. Оған Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі генерал-лейтенант Ибрагим Күлшімбаев "Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін" төсбелгісін тақты, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
ТЖМ мәліметінше, 11 мамыр күні сағат 10.21-де Ұлы Дала көшесі 27/1 мекенжайындағы 8 қабатты үйдің терезесінде баланың ілініп тұрғаны туралы хабарлама келіп түскен.
Шақырту орнына 7 адам және 2 бірлік техникадан тұратын Нұр-Сұлтан қаласының ТЖД бөлімшелері жедел жіберілген.
Құтқарушылар келген кезде сегізінші қабаттағы балконның карнизіне ілінген баланы ер адам құтқарғаны анықталған.
"2019 жылы туған қыз құлаған кезде үйде баланың жанында ешкім болмаған. 1985 жылы туған Сәбит Шонтақбаев жылап тұрған баланы көріп, өз өміріне қауіп төндіре отырып, ойланбастан санаулы секундтарда кішкентай қыздың өмірін сақтап қалды", - дейді ТЖМ баспасөз қызметі.
Осы орайда ведомство бұл бала аман-есен құтқарылған сәтті жағдай екенін, алайда соңы қайғылы аяқталған қаншама факті барын атап өтті.
Сондықтан ТЖМ балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыруға болмайтынын тағы еске салды.
Айта кетейік, бұған дейін елордада терезеден құлауға шақ қалған үш жасар қызды Сәбит Шонтақбаев есімді ер адамның құтқарып қалғанын жазған едік.
Кейін ер адам оқиғаның қалай болғанын өзі баяндап берді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1968831-elordada-segizinsi-qabattan-qulauga-saq-qalgan-buldirsindi-qutqaryp-qalgan-azamat-marapattaldy-foto/