Елорда әкімдігі бүлдіршінді құтқарып қалған азаматты жұмысқа орналастырып, несиесін жабуға көмектеспек
Жарияланған күні:
Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов бүгін өз өмірін қатерге тіге отырып, сегізінші қабаттағы терезден құлауға шақ қалған үш жасар қыз баланы құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевпен кездесті. Бұл туралы қала басшысы өзінің Instagram-дағы ресми парақшасында хабарлады деп, жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Алтай Көлгінов ер азаматқа осындай сәтте көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін алғысын айтқан.
Сондай-ақ ол әкімдік тарапынан Сәбит Шонтақбаевтың отбасына тиісті көмек көрсетілетінін атап өтті.
"Білімі мен тәжірибесін ескере отырып, Локомотив зауытының ("Локомотив құрастыру зауыты" АҚ) директорымен Сәбитті жұмысқа орналастыру туралы келістім. Бұрын ол осы сала бойынша ҚТЖ-да жұмыс істеген, мамандығы – вагон шаруашылығы. Бұл салада тәжірибесі бар.
Сол сияқты бүкіл отбасын елордамызға көшіріп әкелу туралы ұсыныс жасадым. Сәбит зайыбымен бірге 4 бала (3 ұл, бір қыз) өсіріп отыр. Жұбайының жұмысқа тұруына, ал балаларын мектепке және балабақшаға орналастыруға көмектесеміз. Осылайша ресми түрде жұмыс істей отырып, қызметтік тұрғын үйге үміткер бола алады, сондай-ақ өзге де тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алады.
Демеушілер есебінен отбасының несиесін өтеуіне көмектесеміз, ал жазғы уақытта балаларына Бурабайға жолдама береміз", - дейді Алтай Көлгінов.
Сонымен қатар сөз соңында елорда әкімі қала тұрғындарын сақтық шараларын толықтай сақтауға, балаларын қараусыз және үй терезесін ашық қалдырмауға шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін елордада көп қабатты үйдегі пәтердің терезесінен құлауға шақ қалған үш жасар қыз баланы Сәбит Шонтақбаев есімді ер адамның құтқарып қалғанын жазған едік.
Кейін ол оқиғаның қалай болғанын өзі баяндап берді.
Сондай-ақ осы батыл әркеті үшін бүгін Сәбит Шонтақбаев "Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін" төсбелгісімен марапатталды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1968855-elorda-akimdigi-buldirsindi-qutqaryp-qalgan-azamatty-zumysqa-ornalastyryp-nesiesin-zabuga-komektespek/