"Аяғын ұстап тұрған": Көпшілік үш жасар қызды құтқарған азаматтың досына да назар аударуды сұрауда
Жарияланған күні:
Бүгін астанада көпқабатты үйдің 8-қабатынан құлауға шақ қалған үш жасар қызды құтқарған азаматтың ерлігі елді тәнті етті. Алайда көпшілік Сәбит Шонтақбаевқа баланы аман алып қалуға көмектескен Сағи есімді досын да назардан тыс қалдырмауды сұрауда, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бұл бастаманы отандық блогер Дәулет Төлеутайұлы көтерді. Ол өз Instagram парақшасында Сәбит Шонтақбаевқа астанадағы құрылыс компаниясы үш бөлмелі пәтер сыйлағанын айтып, сүйінші сұрады.
"Қызылордадан үй аламыз дегенбіз, астанадағы құрылыс компаниясы басшысы 3 бөлмелі пәтер сыйлайтынын айтты. Кілті алдағы айларда дайын болады. Әрі бірнеше кәсіпкер ақшалай сыйлық беретінін айтып жатыр", - деп жазды Дәулет Төлеутайұлы.
Осы ретте ол Сәбит Шонтақбаевтың қасындағы досын да елеусіз қалдырмау қажет екенін айтты.
"Сәбит ағаның қасында Сағи деген досы (жерлесі) болды. Сағи бір қолымен терезе ұстап, бір қолымен Сағидың аяғынан ұстап тұрған еді. Сәбит баланың өмірін құтқарса, Сағи Сәбитке тіреу бола білді. Сағидың үш баласы бар. Әлде G-Park басшысы Сағиға да пәтер сыйлай ма екен? Ал біз жиналып ақшаға жөндеу жұмыстарын жасап береміз. Екі досты бөлмей, көрші тұрса деген тілек",- деді блогер.
Дәулет Төлеутайұлы қайырымды жандардың көмегімен 3 сағатта 7 млн теңгеге жуық ақша жиналғанын да атап өтті.
"Төрелікті сіздер айтыңыздар. Сағи да тасада қалмаса екен деймін",- деп жазды ол.
Көпшілік блогердің пікірін бірден қостады. Жазба астына бір сағатта жеті мыңға жуық пікір жиналды. Барлығы дерлік Сәбит Шонтақбаетың досын назардан тыс қалдырмау туралы бастаманы қолдады.
"Сағи досы болмаса, бір өзі қызды құтқара алмайтын еді. Сол үшін екі досты бөліп-жармай, бірдей көмек көрсетілсе екен", "Сағи болмаса, Сәбит қалай мінер еді, баланы қалай кіргізер еді. Сағиға да рахмет", "Қазақтың екі жігіті де үйлі болсын", "Елеусіз қалмасын", "Сағи мырза екі адамның өмірін құтқарды десем артық болмас. Сәбит мырзаның аяғынан ұстап, өзіне үлкен жауапкершілік алды", "Сағи бір жағынан тіреп тұрмаса, басқа жағдай болар ма еді", Сағи болмаса, құтқаруы екіталай еді" , "Көрші болса екен" - деп жазды жұрт.
Артынша Дәулет Төлеутайұлы "Дәулеттен" қорына жиналған қаражат екі азаматқа тең бөлінетінін жеткізді.
Айта кетейік, үш жасар қызды құтқарған Сәбит Шонтақбаевты астана әкімдігі жұмысқа орналастырып, несиесін жауып бермек. Ал G-Park құрылыс компаниясының иесі Ғабит Сәтмағамбетов оған үш бөлмелі пәтер сыйлады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1968861-ayagyn-ustap-turgan-kopsilik-us-zasar-qyzdy-qutqargan-azamattyn-dosyna-da-nazar-audarudy-surauda/