Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Вице-министр: Солтүстіктегі ауылдардың білім деңгейі оңтүстіктегі қала мектептерінен жоғары

Опубликовано:

Вице-министр білім саласындағы жағдайларға тоқталды
Шолпан Каринова, Білім және ғылым вице-министрі. Фото: NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова Ақтөбе облысына жұмыс сапарында KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, оқушылармен жүргізіліп жатқан тәрбие жұмыстары туралы айтып берді.

"Білім және ғылым министрлігі барлық мектепте тәрбие жұмыстарын іске асыруды ерекше жолға қою керек деп есептейді. Соңғы кездері іс-шараларға көп көңіл бөлініп кетті. Іс-шаралар қажет. Бірақ жүйелі түрде тәрбие жүргізу үшін басқаша жұмыс істеу керек. Сондықтан ең бірінші бағытты "Оқуға құштар мектеп" жобасын жарияладық. Оның негізгі мақсаты - мектеп кітапханаларындағы кітаптарды оқушыға қолжетімді қылу", - дейді Шолпан Карина.

Вице-министрдің айтуынша, қазір ауылдық жерлердегі 5000 мектепке модернизациялау жүріп жатыр. Онда мектеп кітапханаларын, асхананы өзгертуге талап қойылған. Бұрынғы жобамен салынған кітапханалардағы кітап қорының көпшілігі мектеп оқулықтары болатын. Қазір көркем әдебиетке көңіл бөлініп жатқаны айтылды. Осы бағытта еліміздегі мектептерге арнап 2 миллион көркем әдебиет сатып алынған.

"Баланың кітап оқитын орнын тек үстел басымен шектемеуге тиіспіз. Оқу зонасы болу керек. Мектептің әр бұрышында бала кітап оқи алатындай жағдай жасалуға тиіс. Қазір барлық мектептерде осындай орындар пайда болып жатыр. Коворкинг зоналар бар. Оның өзі баланың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырады.

Ақтөбе қаласында бірнеше мектептерде болдым. Соның ішінде Новый орта мектебінде болдым. Бастауыш сынып блогындағы дәліздегі сөреге баланың жасына қатысты ертегілер қойылған. Оны балалар алып оқып жатыр. Қуанарлық жағдай. Кітапты кітапхананың ішінде сақтаудың керегі жоқ. Баланың көз алдында тұру керек. Бала сол кезде оқиды. Негізгі мақсат осы - баланың кітап оқуға қызығушылығын арттыру", - деді вице-министр.

Сонымен қатар, мектептерде 20 минуттық үзіліс кезінде кітап оқуды интеллектуалдық ойын арқылы ұйымдастыру қолға алынған. Бұл жерде бала бір кітапты қанша уақытта бітіреді және қаншалықты түсініп оқи алды деген сұрақ талданады. Ұстаздар осылайша, оқушының функционалдық сауаттылығын арттыруды көздейді.

"Тәрбие жұмыстарына әсер ететін үлкен жобалардың бірі - дебаттық қозғалыс. Баланың тәрбиесіне қатысты үлкен тақырыптарды өздері талқылап, тиісті тәрбие жұмыстарын жүргізу механизмі іске асып жатыр. Өзін өзі басқару жұмыстары бар. Қазір балалар үлкендерді ғана емес, өздерін тыңдағанды жақсы көреді. Сондықтан бірін бірі тыңдап, ақыл көрсетіп, "мектеп ішінде не өзгерте аламыз?" деген мәселелерді бірге талқылау керек. Сыни ойлауды қалыптастыру - өмірлік дағдыларды қалыптастырудың басы. Бүгінгі бала ертеңгі Қазақстан азаматы. Сондықтан барлық дағдыны жан-жақты қалыптастыруымыз керек", - деді Каринова.

Вице-министр ауыл мектептерінің жағдайын көтеруге қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.

"Ауыл мектебінде білім сапасы төмен деуге болмайды. Мәселен, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды облыстарындағы ауыл мектептерінің білім көрсеткіші оңтүстік өңірдегі қала мектептерінен жоғары. Өңіраралық теңсіздік әртүрлі мәселелерге байланысты туындап жатады. Халықтың тығыз шоғырлануы, олардың әлеуметтік жағдайларына байланысты туындайтын сұрақтар бар", - дейді вице-министр.

Соңғы кезде көптеп ашылып жатқан жеке мектептер қоғамда бай мен кедей баласы деген түсінікті, теңсіздікті қалыптастыра ма? Маман бұған да жауап қатты.

"Қоғамда осы мәселені бөлмеу үшін үкімет үлкен жұмыс жасап жатыр. Жекеменшік мектептерді ашу үшін бірінші мемлекеттік тапсырыс алынады. Жеке ұйымның басшысы мектеп салуға ниет білдірген болса, барлық құжаттарын өткізіп, құрылысының басынан бастап, соңына дейін жұмсаған қаражатын қайтып алатын механизм бар. Үкімет оған толық қолдау көрсетеді. Салған ақшасын алдағы сегіз жылда мемлекет өтеп береді. Мектеп - әлеуметтік сала, сол себепті, мемлекет толық қолдауға алады. Әлеуметтік теңсіздікке жол жоқ", - деді Шолпан Каринова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1969891-vice-ministr-soltustiktegi-auyldardyn-bilim-dengeii-ontustiktegi-qala-mektepterinen-zogary/

pixel