Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елімізде 2 пайыздық ипотека алатындардың саны артады: Бағдарламаға өзгеріс енгізілмек

Опубликовано:

құрылыс нысаны
Көрнекі фото: pixabay.com

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Нәлібаев "Бақытты отбасы" бағдарламасына қатыса алатын адамдардың саны артатынын хабарлады, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Айта кетейік, бүгінде "Бақытты отбасы" бағдарламасына үш санатқа кіретін адамдар қатыса алады. Оларға көпбалалы, толық емес және мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар жатады.

Алдағы уақытта бағдарламаға тағы екі санат қосылатыны белгілі болды. Олар - жетімдер мен І және ІІ топтағы мүгедектер.

Нәлібаевтың сөзінше, қазіргі уақытта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту тұжырымдамасы дайындалған.

Бұл құжат үкіметтің қарауына енгізілген.

"Тұжырымдама мақұлданғаннан кейін осы адамдар бағдарламаға қосылады", - деді комитет төрағасының орынбасары.

"Отбасы банк" акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова болса ата-анасыз қалған балалар мен мүмкіндігі шектеулі адамдар әлеуметтік желілер арқылы "Бақытты отбасы" бағдарламасына қатысуға рұқсат беруді сұрағанын жеткізді. Осы өтініштердің негізінде министрлікке тиісті ұсыныс жасалыпты.

"Бақытты отбасы" деген қандай бағдарлама?

Аталған бағдарлама бойынша 2 пайыздық ипотека беріледі.

Оның бастапқы жарнасы – 10%. Кредит мерзімі – 18 жылға дейін. Алайда қарыз сомасы бойынша бірқатар шектеулер бар.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау мен Атырауда алынатын ең қымбат баспана құны – 15 миллион. Басқа аймақтарда пәтердің ең жоғары бағасы 10 миллион болады.

Осы ақшаға жаңадан салынған үйден де, ескі үйден де пәтер сатып алуға болады.

Жеке тұрғын үй рәсімдеу мүмкіндігі де қарастырылған.

Екі пайыздық ипотека тек мұқтаж адамдарға ғана беріледі. Сол себепті табысқа қатысты талап бар.

Оған сәйкес, соңғы алты айда әрбір отбасы мүшесінің бір айлық табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің (36 018 теңге) 3,1 еселенген шамасынан аспауға тиіс. Яғни әрбір мүшесіне келетін табыс 111 655,80 теңгеден артық болмауы шарт. Ал отбасыда алты адам болса, бір айлық табыстың мөлшері 663 934 теңгеден асып кетпеуі керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1970799-elimizde-2-paiyzdyq-ipoteka-alatyndardyn-sany-artady-bagdarlamaga-ozgeris-engizildi/

pixel