Ақтөбе облысында Kundelik.kz порталын толтыру үшін түнделетіп мектепте отыратын мұғалімдер жанайқайын айтты (фото, видео)
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысында білім жүйесінде міндеттелген Kundelik.kz порталын толтыру үшін түнделетіп мектепте отыратын ұстаздар бар. Бүгінге дейін интернет үшін кезекке тұратын мұғалімдер дамыған Қазақстанның мүмкіндіктерін сезінуге жағдай жасауды сұрады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Құмсай ауылының ұстаздары жаңа заман мүмкіндіктерін қажетінше пайдалана алмай отыр. Жылдамдығы тек кешкі уақытта ғана жақсаратын мектеп интернетіне мұғалімдер кезекке тұрады. Ұстаздар биыл мектеп бітіретін оқушылардың өзі ҰБТ-ға дайындық кезінде қиындыққа тап болғанын ашық айтты.
"11 жылдан бері осы туған жерімдегі мектепте жұмыс істеймін. Қиындық өте көп. Интернет нашарлығынан бағдарламалар мен әдістемелерден қалыс қалдық. Мектеп бітіріп жатқан оқушыларымыздың интерактивті тақтаны пайдаланып, заманауи үлгіде дайындалғанын қалаймыз. Ауылда интернет түгілі, байланыстың өзі дұрыс ұстамайды. Сондықтан балаларымыз интернетке кіре алмай отыр. Олар да мұғалімдермен қабаттасып, кешкі сағат онға дейін мектепте отырады. Бірақ түнге дейін мектепте отыруға ата-аналары рұқсат ете бермейді. Мұғалімдер де Kundelik.kz порталын толтыру үшін түнге дейін интернетке телміреді. Бір қағазды жіберу үшін 1-2 сағаттап отырамыз. Сенесіз бе? Ауыл мектебінің үлкен проблемасы - осы", - дейді мектеп мұғалімі Бердіғали Мұстафин.
Құмсайдағы жалпы білім беретін орта мектепте 90 оқушы бар. 13 бала дайындық сыныбында оқыған. Биыл бітіретін түлектер арасында "Алтын белгі" үміткері де кездеседі. Ұстаздар интернеттің нашар болуы түлектерге кесір тигізе ме деп алаңдайды.
"Қазақстанда интернет желісі дамыған, ауылдағы жағдай жақсарды" деп айтып жатыр. Өкінішке қарай, жылдам интернет жоқ бізде. Ауылда жағдай қиын. Интернет бірде бар, бірде жоқ. Мұғалімдер Kundelik.kz бағдарламасымен жұмыс істеу кезінде қатты қиналады. Бізден жоғарыдағылар талап етеді. Сағат кешкі тоғызға дейін сабақ қорытындысын Kundelik.kz сайтына салуымыз керек. Біздің ауылдағы интернетпен жұмыс істеу мүмкін емес. Сондықтан қала мектептерінен таныс іздейміз", - дейді мектеп мұғалімі Айнұр Байбұлова.
Мектептегі 50 дарынды баламен жұмыс істейтін Алтынай есімді мұғалім оқушылар интернеттің нашар болуынан қиналатынын жасырған жоқ.
"Мектептегі екі интерактивті тақтаны интернеттің әлсіздігінен пайдалана алмай отырмыз", - дейді ол.
Ауылдағы интернет мәселесін мектеп басшысы да жоққа шығармады.
"Интернет желісінің әлсіздігі арасында болып тұрады. Карантин кезінде біз де сабақты онлайн оқыдық. Мектептен курьерлер шығардық. Олар оқушыларға тапсырманы апарып береді, кейін қайта жинап алып жұмыс істедік", - дейді мектеп директоры Берік Төлемісов.
Директор мектептегі 21 компьютер жұмыс істеп тұрғанына сендірді. Ауылдағы мектепте 34 ұстаз, 28 кіші қызметкер еңбек етіп жүр.
Айта кетелік, ауыл мектебінің проблемасын айтқан ұстаздар "осы сөзіміз үшін қудаланбасақ екен" деген тілектерін де жеткізді. Олар бар болғаны әуреге салған интернет жылдамдығын арттыруды сұрайды.
"Ауыл ұстаздары мен оқушылары ақпараттық-коммуникациялық технологияның қолжетімсіздігінен зардап шекпеуі керек. Жаңа технологиямен жұмыс істей алатын оқушы ақпаратты жылдам қабылдауға, жаңаны тануға бейім келеді", - дейді ұстаздар.
Материал авторы: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1970985-aqtobe-oblysynda-kundelikkz-portalyn-toltyru-usin-tunimen-mektepte-otyratyn-mugalimder-zanaiqaiyn-aitty-foto-video/