Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"400 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген": Ақтөбе облысында ауызсуға зар болған тұрғындар шарасыз күйге түсті

Опубликовано:

Ақтөбе
Ауыл тұрғындары. Фото: Ардақ Ерубаева/NUR.KZ

Ақтөбе облысы Құмсай ауылының тұрғындары әлі күнге дейін таза ауызсуға зар болып отыр. Елдімекенге су тартуды бастаған мердігер компания ауылдағы барлық көшені қазып, жұмысын аяқтамастан кетіп қалған. Жүздеген миллион қаржы бөлініп, аяқталмай қалған жұмысқа кім кінәлі? KAZ.NUR.KZ тілшісі Құмсай ауылына арнайы барып, мән-жайды білді.

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауылына қарасты Құмсайдан облыс орталығына тасжолмен бару үшін 318 шақырым жол жүру қажет. Жаз айларында ауыл халқы қалаға төте жолмен, яғни құм жолмен қатынап жүр. Тұрғындардың айтуынша, жол деген аты ғана.

Құмсайлықтар Ақтөбеге УАЗ машинасымен 3-4 сағат жүріп баратынын жеткізді. Жаңбыр жауса, қар түссе ол жолмен жүру мүмкін емес, дейді олар. Ауыл халқының тартып отырған жол азабын NUR.KZ тілшісі көріп қайтты.

Құмсайлықтар Ақтөбеге қатынайтын УАЗ көлігі
Құмсайлықтар Ақтөбеге қатынайтын УАЗ көлігі. Фото: Ардақ Ерубаева/NUR.KZ

Жол мәселесі мен қымбатшылық өз алдына, ауыл тұрғындарына қатты батып отырған ең өзекті мәселе - ауызсу мәселесі. Көше бойы қазылып жатқан шұңқырлардан зардап шегіп отырғанын шырылдап айтқан халық жылап жіберуге шақ тұр.

"Мемлекеттің ауылды таза ауызсумен қамтамасыз ету туралы бағдарламасы кеше шыққан жоқ. Он жылдан аса уақыт айтылып келеді. Ауылымыз еш ауылдан кем емес. Тек су мен газдың жоқтығы шаршатты.

Республикалық бюджеттен ауылға су кіргізуге 400 миллион теңгегеге жуық қаржы бөлінген. Бұл дегенің елдің ақшасы ғой. Енді оның дұрыс игерілгені неге қадағаланбайды? Шынын айту керек, ел осыдан кейін таң қалудан да шаршады, айналайын", - дейді ауыл тұрғыны Амангелді Көпжасарұлы.

Құмсай ауылындағы ауызсу
Фото: Ардақ Ерубаева/NUR.KZ

Ауылға ауыз су тарту жұмыстары 2021 жылдың күзінде аяқталуы тиіс болатын. Бірақ мердігер компания жұмысты аяқсыз қалдырып кеткен. Ауыл көшелерінде құбырларға қазылған шұңқырлар бір жылдан бері ашық жатыр.

"Былтырдан бері су жүргіземіз деп ауыл ішін қазып тастады. Оған енді бала да, үлкен де, малымыз да түсіп, ауылдың берекесі кетті. Әкім талап етіп жұмыс істесе, ауыл бұлай тұрмас еді. Қазір жастар ауылдан қашып, көшіп жатыр. Қыста қатынау қиын", - дейді ауыл тұрғыны Сейтжан Жұмыров.

Қазылған шұңқырлардың біріне мектеп мұғалімі де түсіп кеткен. Бастауыш сынып мұғалімі өлім аузынан қалғанын айтады.

"Ауылдық жерде тұрған соң мұғалім болсақ та мал ұстаймыз. Көктемде осы қазылған құдықтардың кесірінен балшыққа батып кеттім. Қолымда мал айдайтын ағаш бар боп қалып, соның арқасында аман қалдым. Саныма дейін батып, балшық тартып бара жатты. Бір құдіретпен аман қалдым. Баламыз, малымыз түсіп кетпесін деп біз қашанғы қорқып отырамыз? Осы сұрақты тез шешуді сұраймыз",- дейді ауыл мұғалімі Жанар Сарина.

Құмсай ауылының тұрғындары
Құмсай ауылының тұрғындары. Фото: Ардақ Ерубаева/NUR.KZ

Көше ортасына жиналып, жағдайын айтқан халық алдына ауыл әкімі де келді. Әкім мердігер компания басшысына күнде қоңырау соғатынын да жасырмады.

"Су проблемасы бар. 2020 жылы су тарту жұмыстарына жобалық сметалық құжат жасалды. Мердігер компания 2021 жылдың қарашасында су кіргізу жұмыстарын бітіру керек еді. Жауапсыздығынан болар, жасалмай қалды. Көшенің қазылып жатқаны рас.  Бірақ мен ол жерді көме алмаймын. Оған қаржы керек. Жер астындағы құбырлардың дұрыс салынғанын да білмеймін. Сондықтан араласа алмай отырмын.

Талай мал түсті, адам түсті. Азаматтарымыз шырылдады. Өткенде аудан әкімі келгенде мердігер компания өкілдері де келді. Бір аптадан кейін келіп жасап беретіндерін айтты. Міне, тағы бір ай өтті, әлі күтіп жүрміз. Күнде таңертең тұрғанда соларға хабарласамын. Мен не істей аламын?",- дейді Құмсай ауылының әкімі Асылбек Тұғыров.

Ал Мұғалжар ауданының әкімдігі жұмысқа жауапсыздық танытып, алдап кеткен мердігер компания үстінен сотқа арыз түсірілгенін жеткізді.

Құмсай тұрғыны
Құмсай тұрғыны. Фото: Ардақ Ерубаева/NUR.KZ

"Құмсай ауылына ауызсу тарту үшін мердігер "Дәнекер" ЖШС-мен 361 миллион теңгеге келісімшарт жасалды. 2021 жылы 227 миллион теңге игерілді. Жұмысты уақытында аяқтамағаны үшін сотқа жүгіндік. Сот процесі жүріп жатыр. Мердігер компания 1 маусымда жұмысты бастауға уәде беріп отыр", - дейді Мұғалжар аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айдос Қалимағамбетов.

Белгілі болғандай, жұмысты аяқтамай басы дауға қалған "Дәнекер" ЖШС Құмсай ауылынан бөлек, Мұғалжар ауданының Жарық елдімекені және Қандыағаш қаласындағы Нұрлы көш ауданына ауыз су тарту жұмыстарына тендер ұтып алған. Ол елдімекендерде де жұмыстар аяқталмай тұр. Мердігер компанияға қатысты сот процесі жүріп жатыр.

Ардақ Ерубаева,

Ақтөбе облысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1971327-400-mln-tengege-zuyq-qarazat-bolingen-aqtobe-oblysynda-auyzsuga-zarymagan-turgyndar-sarasyz-kuige-tusti/

pixel