"Заң баршаға ортақ": Ерлан Қарин сахнада мемлекеттік туға қатысты орын алған жайтқа пікір білдірді
Жарияланған күні:
Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Facebook парақшасында Алматыдағы концерт кезінде мемлекеттік туды лақтырып жібермек болған әншілердің ерсі іс-әрекетіне қатысты пікір білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ерлан Қарин оңтүстік астанада концерт кезінде болған оқиға қоғамда қызу талқыланып жатқанын атап өтті.
"Біздің білуімізше, концертті "NS group" ЖШС ұйымдастырған. Shiza лақап атын иеленген азаматтың мемлекеттік туға қатысты әрекеті жіті тексеріліп, оқиғаның мән-жайы анықталуы қажет. Концертте ішімдік ішілгендіктен мұндай әрекетке жол берілген деп ойлаймын. Жастар осы бір келеңсіз оқиғадан сабақ алып, қарапайым мәдениет пен этикетті меңгеруі қажет.
Сонымен қатар мұндай ауқымды іс-шараларды ұйымдастырушылар да жауапкершілікті сезінуі керек. Олар концерт ұйымдастырған кезде ішімдік ішілуіне жол бермеуге, басқа да оқыс оқиғалардың алдын алуға тиіс.
Біз мемлекеттілігіміздің, Тәуелсіздігіміздің символы саналатын мемлекеттік туға зор құрметпен қарауымыз қажет. Оны аяқасты етуге жол бермеуіміз керек.
Туымызды немесе басқа да рәміздерімізді қорлаған әрекеттер құқықтық-нормативтік актілерге сәйкес жауапкершілікке тартылады. Өйткені, заң баршаға ортақ. Еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік туды құрметтеп, қастер тұтуы қажет деп санаймын", - деп жазды мемлекеттік хатшы.
Еске сала кетсек, бұған дейін 25 мамыр күні Алматы қаласындағы Балуан Шолақ сарайында өткен концертте "Ирина Кайратовна" тобы мен Shiza сахнада ерсі әрекеттерге бой алдырып, микрофонға бейәдеп сөздер айтып, бірі мемлекеттік туды халыққа лақтырып жібермек болғанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1971387-zan-barsaga-ortaq-erlan-qarin-saxnada-memlekettik-tuga-qatysty-oryn-algan-zaitqa-pikir-bildirdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.