Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мүгедек болып қалды": Отадан кейін дауысымнан айырылдым деген келіншектің туыстары жанайқайын жеткізді

Опубликовано:

Ота1
Көрнекі фото: NUR.KZ

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Майра Сексенованың туыстары екі жыл бұрын қалқанша безін алып тастау бойынша ота жасатқан. Алайда отадан кейін оның дауысы шықпай қалған, деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.

Телеарна мәліметінше, Сергеевка қаласының тұрғыны Майра Сексеноваға 2020 жылдың тамыз айында қалқанша безін алып тастау бойынша ота жасалған. Зәбірленуші тараптың сөзінше, ота жасау кезінде хирург әйелдің тамағындағы дауыс сіңірін абайсызда кесіп жіберген. Осылайша, науқастың дауыс сіңірі зақымданған, дейді науқастың туыстары.

Қазіргі таңда келіншектің дауысы шықпай қалған. Бүгінде ол емдеу мекемелерінің табалдырығын тоздырып жүр. Ал шетелдік клиникаларда емделу үшін шамамен 3 миллион теңгеден астам қаражат қажет.

"Екі жыл өтті, әлі дауысы қалпына келген жоқ. Өмір бойына мүгедек болып қалды. Соңғы үмітіміз Омбы қаласына және мәскеулік клиникаға барып ем алу", - деді науқастың туысы Айнұр Қозыбаева.

Қазір науқас үшін тыныс алудың өзі қиын. Ол айына 100 мың теңгедей ақшаны тек дәрі-дәрмекке жұмсайды.

Телеарна тілшілері операция жасаған дәрігермен тілдесе алмаған. Себебі ол еңбек демалысына кетіпті. Ал облыстық көпбейінді аурухананың басшылығы науқастың талабын орындап, оған көмек көрсетуге дайын екенін айтып отыр.

"Сексенбаевамен біз медиациялық келісім жасаймыз. Бұл бірінші кезекте уақыт үнемдеуге көмектеседі. Яғни ол тезірек медициналық жәрдем ала алады. Ал операция жасаған дәрігердің кінәсі бар-жоғын анықтаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Оған көп уақыт қажет. Себебі түрлі сараптама тағайындау қажет", - деді облыстық көпбейінді аурухана директорының міндетін атқарушы Сәкен Әмрин.

Майра Сексенованың жасы 48-де. Оған 3-топтағы мүгедектік берілген. Бұрын балабақшада тәрбиеші болған. Енді келіншек жұмысынан да айырылып қалуы мүмкін. Себебі уақытының көп бөлігін науқас ем алуға жұмсап жүр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1972138-mugedek-bolyp-qaldy-otadan-keiin-dauysynan-aiyrylyp-qaldym-degen-kelinsek-zanaiqaiyn-zetkizdi/

pixel