Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Bek Air апаты: Талғар ауданының әкімдігінде бұрын жұмыс істеген бірқатар лауазымды тұлға сотталды

Опубликовано:

сот үкімі11
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Алматы облысына қарасты Талғар ауданының әкімдігінде бұрын жұмыс істеген бірқатар лауазымды тұлғаға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Алматы облысы бойынша департаменті ресми сайтында хабарлады.

Іс материалдарына сәйкес, 2017-2019 жылдары сотталушылар Қызылту ауылынан тыс жердегі мемлекет меншігіндегі бос жерлерді заңсыз иеліктен шығарған.

Ведомствоның мәліметінше, шенеуніктердің бұл әрекетінің мақсаты - учаскелерді сату арқылы байлыққа кенелу болған.

Талғар аудандық сотының 2022 жылғы 10 маусымдағы үкімімен:

• Талғар ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімінің бұрынғы бастығы, ауданның бас сәулетшісі Марат Рыспеков – 6 жылға;

• Талғар ауданы жер қатынастары бөлімінің бұрынғы бастығы Мақсат Тыныбай – 6 жыл 3 айға;

• Панфилов ауылдық округінің бұрынғы әкімі Нұрғали Аппазов – 8 жылға;

• Панфилов ауылдық округі әкімінің бұрынғы орынбасары Құрманхан Галиева – 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

"Ал Талғар аудандық жер қатынастары бөлімі бастығының міндетін атқарған Мадияр Қадыржан "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" ҚР Заңына сәйкес бас бостандығын шектеу түріндегі негізгі жазадан босатылды", - деп хабардар етті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Алматы облысы бойынша департаменті.

Одан бөлек сот үкіміне сәйкес, барлық сотталған тұлға енді мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырап, кейін бетон дуалға құлап, Алматы маңындағы жеке үйді қиратқан болатын.

Ұшақ апатынан 12 адам қайтыс болып, 69 адам жарақат алды.

2020 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Алматы облысы бойынша департаменті қылмыстық істі тергеумен қатар Талғар ауданы әкімдігінің шенеуніктеріне қатысты жер учаскелерін заңсыз беруге және жер учаскелерінің нысаналы мақсатын заңсыз өзгертуге байланысты екінші қылмыстық іс ашты.

Биыл сәуір айында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұшақ апатына қатысты тергеу аяқталғанын, апатқа нақты не себеп болғанын айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1973972-bek-air-apaty-talgar-audanynyn-akimdiginde-buryn-zumys-istegen-birqatar-lauazymdy-tulga-sottaldy/

pixel