Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандық мұғалім Apple компаниясының оқытушысы мәртебесін алды

Опубликовано:

Қуаныш Мағауин
Қуаныш Мағауин. Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Информатика пәнінің мұғалімі Қуаныш Мағауин Apple компаниясының Swift бағдарламалау тілі бойынша сертификатталған оқытушысы атанды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің педагогі Қуаныш Мағауин Apple курстарынан өтіп, емтихандарды сәтті тапсырды. Ол қазақстандық мұғалімдер арасында алғаш болып сертификат алды. Қуаныш Германия, Ирландия, БАӘ, Мысыр, Үндістан және басқа да елдердің педагогтерімен бірге оқыған.

Айта кетерлігі, оқытушыларға арналған "Apple Certified Trainer" курстарын Apple компаниясы жыл сайын өткізеді.

Енді информатика пәнінің мұғалімі Қуаныш Мағауин әлемнің үздік әзірлеушілері білім саласындағы жаңа жобаларын таныстыратын Apple Education эксклюзивті іс-шараларына қатыса алады.

"Бүгінгі таңда Қазақстанда IT-индустрия, соның ішінде білім беру саласы да қарқынды дамып келеді. Біз электронды оқулықтар мен күнделіктер қолданатын, сондай-ақ емтихандар мен олимпиадаларды онлайн форматта өткізетін санаулы елдердің қатарындамыз. Apple курстарында Swift бағдарламалау тілі арқылы мобильді қосымшаларды әзірлеудің негіздерін үйрендік. Тәлімгерлер дәрісті ағылшын тілінде өткізді.

Менің тобымда негізінен қосымшаларды әзірлеуде мол тәжірибесі бар IT-мамандар оқыды. Ал мен топтағы жалғыз мұғалім болдым. Барлық емтиханды тапсырып, Apple оқытушысы мәртебесін алғаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта мектепте оқушыларға арналған мобильді қосымшалар әзірлеу бойынша курстар өткізіп, әріптестеріммен алған тәжірибемді бөлісуді жоспарлап отырмын", – дейді информатика пәнінің мұғалімі Қуаныш Мағауин.

Министрліктің хабарлауынша, Қуаныш Мағауиннің арқасында Apple Authorized Training Center for Education (AATCE) мәртебесі өзі жұмыс істейтін мектепке де автоматты түрде берілді.

Енді Қуаныш Мағауин жұмыс істейтін елордадағы Республикалық физика-математика мектебі Swift қосымшасын жасау бойынша курстар өткізіп, оқушыларды сертификаттап, оқу орнында Apple classroom зертханасын аша алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1974555-qazaqstandyq-mugalim-apple-kompaniyasynyn-oqytusysy-martebesin-aldy/

pixel