"130 миллион қайда": Атыраулықтар масадан көз аша алмай отыр

Опубликовано:

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Биыл Атырауда қалалық бюджеттен масаны улауға бұрын-соңды болмаған 130 миллион теңге қарастырылды. Алайда қаптаған маса атыраулықтарды әбден мезі етті. Қансорғыштарға таланған тұрғындар әлеуметтік желіде өз наразылықтарын білдіруде, деп жазады өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Привокзальный шағын ауданында тұрамыз. Маса шаршатты. 1 жастағы баламның беті қып-қызыл болып бөртіп кеткен. Далаға да шықпаймыз. Үйге кірген маса түнімен ұйқы бермейді. Серуендеуді тіпті ұмыттық. Улаймыз деп жатқандары қайда, ешқандай нәтиже жоқ. Сонда ақша қайда кетіп жатыр?",- дейді қала тұрғыны Нұргуль Айтпаева.

Пабликтердің бірінде тараған видеодан бір уақытта мыңдаған масаның ауладағы темір қақпаға қонып тұрғанын байқауға болады. Оқиға қала маңындағы Жаңаталап ауылында болған.

"Сіздерге масаның масқарасын көрсетейін бе? Жаңаталап ауылы. Мынаның бәрі толып тұрған маса. Дауысын қараңыз, қалай шығып жатыр. Күй жоқ",- дейді ролик авторы.

Қалалық әкімдік мамандарының айтуынша, өңірде маса улау жұмыстары көктемде басталған. Оған бюджеттен 130 миллион теңге қарастырылған. Кестеге сәйкес, қала және қалаға қарасты елдімекендер, қала көшелері, жасыл желектер, саябақтарға дәрілеу жұмыстарын мамандар жүргізуде. Конкурс нәтижесі бойынша аталған жұмыс "AG Disinfection" мердігер мекемесіне жүктелген.

"Биыл масаны улау жұмыстары кеш басталды. Яғни, жылда наурыз айында басталса, биыл ақшаның бөлінуіне байланысты мамыр айында ғана улауға кірістік. Соның нәтижесінде маусым айының басынан қалада маса қаптап кетті. Жиі жауған жаңбыр да масалардың көбеюіне септігін тигізді. Сұйықтықтарды қайта қайта ауыстырып отырмыз.

Арнайы дәрілерді Ресейден алдыртудамыз. Өйткені маса бір дәріге тез бейімдеп алып, кейін қайта тіріліп кетіп жатыр. Халықтан шағым биыл көп түсті. Дегенмен жұмысшылар күні-түні улап жатыр. Соңғы 3-4 күнде маса азайды, бірақ уақ шыбын-шіркей тиылмай тұр", - дейді "AG Disinfection" мекемесі басшысының орынбасары Нурлыбек Ахмедьяров.

Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі маманының айтуынша, қаладағы масамен күрес мәселесі басшылықтың тікелей бақылауында.

Әйгерім Сайқын, Атырау

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1975108-130-million-qaida-atyraulyqtar-masadan-koz-asa-almai-otyr/

jitsu gif