Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтауда 7,4 млрд теңгеге отырғызылған жасыл желек қурап жатыр

Опубликовано:

Жасыл желек
Фото: Хабар 24

Ақтауды көгалдандыруға 7,4 млрд теңге бөлінді. Алайда қала тұрғындары жасыл желектің суарылмағанын айтады. Сондықтан егілген гүл мен тал қурап жатыр, деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.

Телеарна дерегінше, биыл қаладағы гүлзар алқаптарына 5 мыңға жуық көшет пен 112 000 дана шырайгүл және раушан гүлі егілген. Алайда қала көшелеріне отырғызылған қылқан жапырақтылар жаз басталысымен қурап жатыр.

Ал әкімдік биыл алғаш рет мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 5 жылға келісімшарт жасалатынын хабарлаған. Бұл мақсатқа қазынадан 7,4 млрд теңге бөлінді. Бірақ жеңімпаз мекеме маусым айында ғана анықталған.

"Сол мекемемен келісімшартқа отырамыз, қазір тіркеуде. Талдардың көбеюіне байланысты жаңадан кесте құрып жатырмыз. Қазіргі таңда жоспармен суару жұмыстары жүріп жатыр. Сметалық құжаттама бойынша 3 рет суару қарастырылған. Оған қарамастан айына 4-5 рет суарып жүрміз, қазіргі таңда күннің ыстығына байланысты суару жұмыстары таңда және кешке жүргізіледі", - деді қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы Ернар Төлесінов.

Қазір суару жұмыстарына 30 көлік жұмылдырылған. Бұл қаланы түгел қамти алмайды дейді тұрғындар. Сондықтан шаһарға былтырдан бері тамшылатып суару құбырлары тартыла бастаған еді. Қазір оның 13 шақырымы ғана жүргізілген. Әкімдік бұл жұмыстар мамыр айында бітеді деп уәде еткен.   

"Тамшылата суару әдісі енгізіліп жатыр. 1 шағын ауданнан бастап жыл соңына дейін 40 шақырым құбыр жүргізу жоспарда бар. Осы айдың аяғына дейін оның 15 шақырымы іске қосылады. Сонымен қатар саябақтарды спринтерлік жүйемен суару жоспарымызда бар", - дейді көгалдандыру мекемесінің директоры Айбек Ербөлеков.

Әкімдіктің хабарлауынша, жаңа мекеменің жұмысын арнайы құрылған комиссия бақылайды. Ал синоптиктер шілдеде аптап ыстық болатынын хабарлап отыр.

"Ауа райы 27, 31 градус болады деп күтілуде. Бұл нормадан 1 градусқа жоғары. Бірінші онкүндікте ауа температурасы күндіз 33, 38, 41градусқа дейін жоғарылайды. Екінші онкүндіктің басында күндіз 34, 39 градусқа дейін байқалады. Үшінші онкүндіктің басында күндіз 37, 42 градус",- деді синоптик Динара Ілиясова.

Қазір әкімдік суарудың жаңа кестесін жасап жатыр. Алдағы уақытта қала тұрғындарына қолжетімді болу үшін әлеуметтік желілерде бөліспек. Айта кетейік, биыл көгалдандыруға 848 миллион теңге қарастырылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1975129-aqtauda-74-mlrd-tengege-otyrgyzylgan-zasyl-zelek-qurap-zatyr/

pixel