Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ІІМ Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі бойынша күдіктінің ұсталғанын растады

Опубликовано:

Ақжарқын Тұрлыбай
Адвокат Cұңқар Нұрмағамбетов және Ақжарқын Тұрлыбай. Фото: Facebook/Cұңқар Нұрмағамбетов

Қытайда есірткі контрабандасы үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі бойынша күдікті Нигерияда ұсталды. Бұл туралы Тұрлыбайдың адвокаты Сұңқар Нұрмағамбетов өзінің Facebook желісіндегі парақшасында жазған. Аталған мәліметті Қазақстанның Ішкі істер министрлігі растады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Алдын ала ақпарат бойынша, 2014 жылы Ақжарқын Тұрлыбайдың Қытайға сапарын ұйымдастырды деген күдікке ілінген Нигерия азаматы Одиндо Нонсо Фортуне "Джонни" шетел мемлекетінің аумағында ұсталды", - деп жазды Нұрмағамбетов.

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі бұл ақпаратты NUR.KZ редакциясына растады. Министрліктің дерегінше, Қазақстанда есірткі контрабандасын жүзеге асырды делінген күдікті Нигерияда ұсталған.

"Биыл 20 маусымда Нигерияда Қазақстан ІІМ Интерполының Ұлттық орталық бюросының сұрауы бойынша Қылмыстық кодекстің 259-бабы 2-бөлігінде көзделген "Есірткі немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату" бойынша қылмыс жасағаны үшін халықаралық іздеуде жүрген Адиндо Нонсо Фортуне ұсталды.

Қазіргі уақытта қажетті іс материалдары оны қамауда ұстау және одан әрі Қазақстанға экстрадициялау туралы процессуалдық шешім қабылдау үшін Нигерия Интерполының ҰОБ-на жіберілді", - деп хабарлады Қазақстанның Ішкі істер министрлігі.

Айта кетейік, Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында ұсталған. Оған шекарадан 4,5 келі есірткіні алып өтпек болды деген айып тағылды.

2015 жылдың маусымында Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сотта Ақжарқын шетелдік досы алдап кеткенін айтып, өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ.

Шамамен бір ай бұрын Қытай тарабы Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартқаны белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1975164-iim-aqzarqyn-turlybaidyn-isi-boiynsa-kudiktinin-ustalganyn-rastady/

pixel