"Екі айдан бері хабар жоқ": Жетісу облысында жұмбақ жағдайда жоғалған 58 жастағы мал дәрігері іздестірілуде
Жарияланған күні:
Жетісу облысы Басши ауылының 58 жастағы мал дәрігерін туыстары жер-көктен іздеуде. Сәуірдің 20-сы күні бастығынан сұрануға кеткен Қанат Беделбаев сол күйі оралмаған, деп хабарлайды КТК арнасы.
Із-түзсіз жоғалған ер адамның туыстары бүгінде оның не өлі, не тірі екенін біле алмай отыр.
"Осындай жасқа келгенде жоғалып кеткенін кім тілейді дейсіздер. Аман-есен табылса, көрген-білгендер болса хабарласса деймін. Өлі болса өлі, тірі болса тіршілігінде табылса екен деп тілеймін. Арақ ішпейді. Темекі тартпайды. Ауыл, аудан, облыс бойынша жұмыс барысында беделді. Не жағдай болғанын білмеймін", - дейді Қанат Беделбаевтың жұбайы Күләш Беделбаева.
Еріктілер, құтқарушылар, орманшылар мен тұтас ауыл төңіректегі тау-тас, өзен-көлді түгел сүзіп шыққан. Алайда іздеу жұмыстары нәтиже бермеген.
Жақындары болса, ер адамды әлдекімдер жалшы қылып ұстап отыруы немесе өлтіріп көміп тастауы мүмкін деп топшылайды.
Сәуір айынан бері Жетісу облысын түгел шарлап шыққан Беделбаевтар әулеті іздеу жұмыстарын енді Алматы қаласында жалғастырып жатыр.
Қазір қаладағы еріктілер хабарландыру қағазын іліп, ұшты-күйлі жоғалған азаматтың суретін жұртқа көрсетіп жүр. Әзірге тың ақпарат жоқ.
"Алматы қаласының координаторлары бірігіп, іздеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әлеуметтік желілерге ақпарат тарату, қаладағы ауруханаларға звондау, мәйітханаларға звондау, үйсіз қалғандарды апаратын орындар бар солардың телефондарына звондап, ақпараттарды тексеріп жатырмыз. Тірідей табылуына ниеттеспіз", - дейді еріктілер ұйымының мүшесі Қуаныш Майлыханов.
Дереккөз КТК арнасы:
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1977667-zetisu-oblysynda-58-zastagy-mal-darigeri-eki-aidan-beri-tabylmai-zatyr/