Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ине тығып, жіппен байлап тастайды": Шымкентте қабір басынан төрт адамның дуаланған суреті табылды (фото)

Опубликовано:

Шымкентте қабір басынан сиқырланған суреттер табылды
Көрнекі сурет: pixabay.com

Әлеуметтік желідегі "Добряки Шымкента" парақшасында белгісіз адамдардың қабір басынан табылған суреттері туралы ақпарат жиі жариялануда. Көп жағдайда суреттерге ине тығылып, жіппен байлап тастаған. Бұл туралы Elitar.kz сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Еріктілердің айтуынша, биыл қабір басынан белгісіз адамдардың суреті төрт рет табылған.

"Сурет табылған бойда, парақшаға саламыз. Ал суреттегі адамдар хабарласқан соң, бірден жазбаны өшіреміз. Бұған дейін бір жас жігіттің, бір егде жастағы әйелдің және екі жас қыздың суретін таптық. Қабір басынан суреті табылған жас жігіт маған қоңырау шалып, алғысын білдірді. Ал жасы үлкен әйелдің жағдайы расымен ауыр болды. 60 жас шамасындағы зейнеткердің денсаулығы күрт нашарлап кеткен. Оның жағдайы қиын болғаны сонша, дәрігерлер де диагноз қоя алмай, әбігерге түскен екен. Кейін ол бұл зияндықтың бетін қайтаратын әйелді тапты", — дейді Наргиза Рашитова есімді ерікті.

Наргизаның айтуынша, әрбір суретке қатысты оқиғалардан жан түршігеді. Өзінің суреті бейіт басынан табылған жандар дереу көмекке жүгінеді екен.

"Олардың құдайға жалынып жүргендерін көрдім. Кейін дуаны, сиқырды алып тастайтын әйелге жүгінді. Барлығын ашып айта алмаймын, бірақ біздің жазбамыздың көмектескені рас", — дейді Наргиза.

Нумеролог әрі рунолог Виола бейіт басынан сурет тауып алған соң не істеу керектігін айтты.

"Зират басына барғанда сіз мүлде басқа әлемге енесіз. Ондағы әлем бөлек, ереже бөлек. Суреттерді жалаң қолмен ұстамаған жөн. Дұрысы – суретті өртеп жіберу. Ең болмаса, қоқысқа тастаңыз. Бейіттен шыққан соң аяқ-қолыңызды міндетті түрде жуыңыз. Алдымен зиратқа барған кездегі ойыңызға абай болыңыз", — деді Виола.

Шымкентте қабір басынан сиқырланған суреттер табылды
Бейіт басынан табылған сурет. Скриншот: instagram/_dobryaki_shymkenta

Ал дінтанушы Нұрлан қажы Байжігітұлы сиқыр жасау ең үлкен жеті күнәнің бірі екенін атап өтті.

"Зират басы қабірде, оның құлыптасында тескілене жыртылған, кескіленген суреттердің табылып жатқандығы баршаның алаңдаушылығын туғызуда. Бұл — анық сиқыр. Сонымен бірге сапырылысқан емші, балгерлер бақсылар, көріпкелдер мен жол ашушылар — сол сиқыр әлемінің әскерлері.

Зират моланың топырағы, тұз бен шекер, ине шаншылған қуыршақтар — баршасы осы ұлы апаттың аспаптары. Осы күпір істермен айналысқандардың өздері тұқымдарымен қоса зардап шегетіндігін баса айта келе, оларға қайырылып, көмек сұраудың өзі опық жегізетін имансыз қарабет қылықтар екендігін еске салғым келеді", - дейді Нұрлан Байжігітұлы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1980271-ine-tygyp-zippen-bailap-tastaidy-symkentte-qabir-basynan-tort-adamnyn-dualangan-sureti-tabyldy-foto/

pixel