Әкімдік өкілі: 2025 жылға қарай Алматыдағы жақсы жолдардың үлесін 95 пайызға жеткізуді жоспарлаудамыз
Жарияланған күні:
2025 жылға қарай Алматы жолдарын 95 пайызға жақсарту көзделіп отыр. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің Қалалық мобильділік басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Абжахан айтты, деп хабарлайды Almaty.tv арнасы.
"Біз 2025 жылға қарай қаладағы жақсы жолдардың үлесін 95 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін 234 шақырым жаңа жол саламыз, жыл сайын кемінде 200 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізуді жоспарлап отырмыз", – дейді Ернұр Абжахан өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында.
Оның айтуынша, қазір қаладағы көше-жол желісінің ұзындығы 3096 шақырым болса, оның 234 шақырымы асфальтталмаған.
Сонымен қатар Ернұр Абжахан Бұқтырма көшесі – Құлжа трактісі, Сейфуллин даңғылы – Жансүгіров көшесі және Саин-Мөңке би көшесіндегі үш жолайрықтың құрылысы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Оның сөзінше, Бұқтырма – Құлжа трактісі көшелерінің қиылысындағы жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Жер учаскелерін сатып алу аяқталды. Қаражат толық көлемде бөлінген.
"1 қыркүйекке дейін эстакада мен пандустарды салу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтап, сол арқылы барлық бағыттар бойынша көліктердің жүруін қамтамасыз ету жоспарлануда. Абаттандыруды ескере отырып, толық аяқтау 2022 жылдың соңына дейін жоспарланып отыр", – дейді Ернұр Абжахан.
Ол Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысындағы жұмыстар да сатып алынған учаскелерде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жұмыстарды толық аяқтау 2023 жылға жоспарланған.
Ал Саин – Мөңке би көшелеріндегі жол айрығының құрылысы бойынша дайындық жұмыстары басталған. Биыл коммуникацияларды қайта құру және айналма жолдарды салу бойынша жұмыстар жоспарлануда, ал жұмыстарды толық аяқтау келесі жылдың соңына жоспарланған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1980494-akimdik-2025-zylga-qarai-almaty-zoldarynyn-95-paiyzy-zaqsarady/