Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақавтожол "Жолда қабылдау орындарын" іске қосты

Опубликовано:

Қазақавтожол
Фото: Қазақавтожол

Соңғы жылдары Қазақстанда жол-көлік апаттарының саны артуда. Олардың негізгі себебі республикалық маңызы бар жолдарда пайдаланушылардың жылдамдықты асыруы және жол жүру ережелерін сақтамауы салдарынан орын алып жатады. Қазақавтожол көлік жүргізушілерін ереже сақтауға шақыру мақсатында "Жолда қабылдау орындары" науқанын бастады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Жол үстіндегі қабылдау орындары" науқаны Қазақстанның барлық облысында шілде, тамыз және қыркүйек айларында жүзеге асырылмақ. Аталған "Жолда қабылдау орындары" трассалардың бойында, әсіресе, көлік көп жүретін жол бөліктерінде орналастырылады.

Шілде айында "Жолда қабылдау орындары" Ақмола, Ақтөбе, ШҚО, Қостанай және Қызылорда облыстарында жұмыс істейді.

Тамыз айында Атырау, Қарағанды, БҚО, СҚО және Маңғыстау облыстарында, ал қыркүйек айында Алматы, Жамбыл, Павлодар және Түркістан облыстарында қызмет көрсететін болады.

"Республикалық маңызы бар жолдарда былтырмен салыстырғанда биыл жол-көлік оқиғаларының саны 3 пайызға өскенін байқадық. Осыған байланысты біз "Жол үстіндегі қабылдау орындары" бағдарламасын қолға алдық. Бағдарлама жүргізушілерге жол қозғалысының ережелері мен жылдамдық режимін сақтаудың қажеттілігін түсіндіру мақсатында жүзеге асырылуда. Біз полициямен бірге жүргізушілерді тоқтатып, ЖҚЕ сақтау туралы ескертпелер таратып, оларды жол апаттарының статистикасымен таныстырамыз. Тас жолдардағы жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі – жылдамдықты асыру және жол ережелерін сақтамау. Әсіресе сапасы жоғары автобандарда, жоғары жылдамдықпен жүруге болатын жолдарда орын алады", - деді Қазақавтожол жол қозғалысы қауіпсіздігі басқармасының бас маманы Руслан Таутенов.

Осындай қабылдау орнының бірі Нұр-Сұлтаннан шығаберістегі "Нұр-Сұлтан-Павлодар" автомобиль жолының бойында орналасқан. Көлік көп жүретін жолдың бұл бөлігінде жүргізушілер жоғары жылдамдықпен жүруге әуес.

Қазақавтожол
Фото: Қазақавтожол

Мұндай жол бөліктерінде апаттардың алдын алу мақсатында, ескерту жасау бақылаудың бар екенін еске салып, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруға септігін тигізеді.

"Жүргізушілерге таратылатын ескертпелерде 2019 жылдан бергі статистикалық мәліметтер келтірілген. Оның ішінде қанша жол-көлік оқиғасы болғаны, қанша адам зардап шеккені, қаншасы кісі өлімімен аяқталғаны туралы ақпарат пен оқиға орнынан фотолар бар. Жол апаттарының көбі жылдамдықты асыру салдарынан орын алады. Осындай алдын алу шараларын үнемі жүргізсе, жақсы болар еді", - деп мәлімдеді полиция лейтенанты Батыр-Баян Торғаев.

Қазақавтожол қабылдаған қауіпсіздік бағдарламасы аясында, сондай-ақ шу жолақтарын, жарықдиодты катафоттарды, белгіні салу, жаяу жүргіншілер жолының кескіндерін сызу, шұңқырларды жөндеу сынды жұмыстар да жүргізіледі.

Сонымен қатар қозғалысы қарқынды жолдардағы көлік ағынын бөлу үшін жарық қайтаратын дабылдық бағаналар сынды заманауи белгілер орнатылады. Олар автокөліктерді жолдың қарсы бетіне өтіп кетуден сақтайды.

Қазақавтожол
Фото: Қазақавтожол

Малға соғылу салдарынан туындайтын жол-көлік оқиғаларының санын азайту

Қазақавтожол Маңғыстау және Атырау облыстарындағы пилотты жоба режимінде жолға үй жануарларының шығуын болдырмау мақсатында "электронды" құрылғыларын іске қосты. Тестілеу нәтижелері жақсы нәтиже берген жағдайда, аталған жоба Қазақстанның барлық өңірінде қолға алынбақ.

"Біз малдың жолға шығып кетуін болдырмайтын тор қоршаулар мен электронды қоршауларды пайдаланамыз. Электронды қоршаулар (халық арасында электр қойшы) – бұл қуаттылығы аз кернеуді болдыратын жүйе. Егер мал жолға жақындаса, онда қуаттылығы аз тоқ соғады да, мал кері қайтады", - деп түсіндірді Руслан Таутенов.

Жол бойында заңсыз мал бағу, сонымен бірге оларды көлік жүретін жолдар арқылы заңсыз айдап өту Әкімшілік құқық кодексінің 408-бабына сай айыппұлмен жазаланады. Ал көлік пен малдың соқтығысуы орын алған жағдайда мал иесі кінәлі деп танылады.

"Сәуір айынан бастап бізде көліктердің малға соғылуы салдарынан орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін арнайы бұйрық шыққан. Сол бұйрық аясында ауыл әкімдіктері, жергілікті полиция өкілдерімен бірігіп, жол маңында орналасқан елдімекендердің тұрғындарына мал жаю ережелері және қауіпсіздік шаралары туралы түсіндіру жұмыстары жүзеге асырылады. Сонымен қатар қауіпсіздік шараларын бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылғаны туралы ескертіледі. Кездесулер барысында мал егелеріне жарық шағылыстырғыш таспалар мен арнайы жарық шағылыстырғыш бояу таратылады. Сонымен бірге малдарға штрих-коды бар сырғаларды тағу міндетті екені ескертіледі", - деді Таутенов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1980835-qazaqavtozol-zolda-qabyldau-oryndaryn-iske-qosty/

pixel