Түнде өзін әлдебіреулер зорламақ болғанын айтып, жанұшыра көмек сұраған қызды құтқарған кім

Опубликовано:

Рүстем Көшербаев
Фото: Instagram/gulmir_ktk

Өзін әлдебіреулер зорламақ болғанын айтып, түн жарымда көшеде жанұшыра көмек сұраған қызды құтқарған ер адам оқиғаның қалай болғаны жайында өз нұсқасын айтып берді. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Журналистің айтуынша, бейтаныс қызды құтқарған Рүстем Көшербаев оқиға болған жерге жақын маңда тұрады, 28 шілде түнгі сағат 00:20 шамасында Талдықорғаннан Алматыға келе жатқан.

"Рүстем Көшербаев Рысқұлов маңындағы Бродский көшесіне бұрылғаны сол екен, көмек сұраған қыз көліктің алдынан атып шығады. Ары қарай не болғанын бәріңіз видеодан көрдіңіздер", - деп жазды Гүлмира Әбіқай.

Жігіттің сөзінше, ең алдымен ол қызды артынан өкшелей қуып келе жатқан жігіттерден қорғауым керек деп ойлаған.

"Басқа ой менде болған жоқ. Қайдан шықты? Не болды екен деп анықтап тоқтағанша екінші жігіт жүгірді. Қалтамда рұқсат етілген қаруымды аспанға аттым. Сонда ғана қыз қуушылардың беті қайтқандай болды. 102-ге хабар бердім. 5 минуттың ішінде 4 патруль көлігі келді. Полиция қызды өз көліктеріне мінгізіп, алып кетті. (Қыздың - ред.) жасы 22-де, Ұзынағаштың қызы екен. Атын сұрамадым.

Такси ұстап тұрғанда екі жігіт келіп, "бізбен жолы бір екен, жеткізіп тастайық" деген. Өз жолынан басқа жаққа бұрылғанын көріп, айқайлап қарсылық танытқанын айтты. Алайда такси айқайлап жылап жатқанына қарамастан күштеп түсіріп кеткен, жігіттер сол маңдағы зираттарға қарай сүйреген. Осы сәтте менің көлігімнің жарығын байқаған бойжеткен бар күшімен ытқып шығып, алдымнан жүгіріпті. Қорқынышы басылған соң сөзі дұрысталды, мастығын байқамадым", - дейді журналиске болған оқиғаның мән-жайы туралы Рүстем Көшербаев.

Оқиғаның куәгері болған жігіт қиналған жанды көрген әр адам көмек беруге тиіс екенін де тілге тиек етті.

"Мен және өзім танитын достарым, жақындарым болса, дәл мен сияқты көмектесер еді. Өзім сол маңда тұрамын, көшем қылмыстан аулақ болса екен деймін", - дейді ол.

Еске сала кетейік, өткен аптада әлеуметтік желіде Алматыда көліктің бейнекамерасына жазылып қалған видео пайда болды. Онда бойжеткен жолға жүгіріп шығып, өтіп бара жатқан жүргізушіден көмек сұраған. Ол өзін әлдебіреулер зорламақ болғанын айтқан. Осыған қатысты полиция тергеу бастағанын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1981070-tun-ortasynda-ozin-aldebireuler-zorlamaq-bolganyn-aityp-zan-usyra-komek-suragan-qyzdy-qutqargan-kim/

jitsu gif