Жетісу облысының әкімдігі оқушы қыздың өліміне қатысты пікір білдірді
Жарияланған күні:
Жетісу облысының Панфилов ауданында зорланып, ажал құшқан 15 жастағы оқушы қызға қатысты әкімдік пікір білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Бүгінгі күні қылмысқа қатысы бар, бұрын сотталған 38 жастағы күдікті ұсталып, қамауға алынды. Оның үстінен кәмелет жасына толмаған қыз баланы зорлау және өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция тарапынан тергеу амалдары жүріп жатыр. Қылмысын мойындаған күдіктіге заң аясында қатаң жаза қолданылатын болады. Жекелеген әлеуметтік желілерде қыз баланы ұлты басқа бірнеше азамат зорлап өлтірген деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл жерде ұлтаралық мәселенің де еш қатысы жоқ. Қазір Панфилов ауданында жағдай тұрақты. Облыс әкімшілігінің, құқық қорғау органдарының бақылауында", - дейді ҚазАқпарат агенттігіне пікір білдірген Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің басшысы Думан Алтынбекұлы.
Айта кетейік, бұл оқиғаға қатысты облыстық Полиция департаменті NUR.KZ тілшісіне пікір білдіріп, аталған ақпаратты растаған болатын. Ведомствоның хабарлауынша, 1984 жылы туған күдікті қазір ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Еске сала кетейік, қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 3, 10 және 14-тармақтарымен, сондай-ақ 120-бабтың 3-1-бөлігінің 1-тармағымен қозғалғаны көрсетілген. Кінәсі дәлелденсе, күдікті өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1981083-zetisu-oblysynyn-akimdigi-oqusy-qyzdyn-olimine-qatysty-pikir-bildirdi/