Қазақстанда биыл қанша бала 1-сыныпқа барады
Жарияланған күні:

Елімізде бірінші сыныпқа құжат қабылдау төрт айға созылды. Осы аралықта түскен 400 мыңға жуық өтініштің 80 пайызы электронды форматта тапсырылған, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігі ресми Telegram-арнасында.
Министрліктің баспасөз қызметі хабарлағандай, еліміз бойынша бірінші сыныпқа құжат қабылдау мерзімі аяқталды. Төрт ай ішінде қабылданған 400 мыңға жуық өтініштің 80 пайызы электронды форматта түскен. Ата-аналардың 70 пайызы балаларын мемлекеттік тілде оқытуға құжат тапсырған.
Бірінші сынып оқушыларының ең көп саны – Абай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстарына тиесілі. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында мектеп табалдырығын алғаш рет аттайтындардың қатары көп.
Балаларды қазақ тілінде оқытатын сыныптарға қамтудың жоғары көрсеткіші ретінде Қызылорда 89,6 пайызбен көш бастап тұр. Одан кейін Ұлытау – 86,6 пайыз, Маңғыстау – 86,2 пайызбен үштікті қорытындыласа, Жамбыл облыстары 80,4 пайызбен түйіндеген.
"Бұл – балаларды 1-сыныпқа қабылдау науқанының қорытындысы. Оқу жылының басталуына бір ай қалды. Енді мектептер оқу-тәрбие үрдісін сапалы дайындауға және ұйымдастыруға, сынып жиынтықтарын қалыптастыруға кіріседі", – делінген министрлік хабарламасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1981214-qazaqstanda-biyl-qansa-bala-1-synypqa-barady/