Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот отырысы 11 тамызға шегерілді

Опубликовано:

Хаменова сот отырысында
Фото: NUR.KZ

Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот отырысы 11 тамызға шегерілді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

3 тамызда Атырау қаласындағы №2 сотта өткен сот отырысы 30 минутқа кеш басталып, 20 минутта аяқталды. Бақытгүл Хаменованың айыптау актісінің көшірмесін қолына алмауына байланысты сот отырысы 11 тамызға шегерілді.

Акт берілген кезде сотталушы уақытша ұстау изоляторының камерасынан шықпаған. Ол актіні алмау себебін сол кезде адвокатының қасында болмауымен түсіндірді.

Процесс ашық болғандықтан, сот залына Хаменованың анасы және туыстарынан бөлек БАҚ, ҮЕҰ өкілдері, мүгедектігі бар жандар, блогерлер де қатысты. Судья айыптау материалдарымен таныстырғаннан кейін соттың кейінге шегерілгенін жеткізді.

"8 айдан бері баланы бостан босқа ұстап отыр. Әділдік қайда? Ең болмаса қызымызды көрейік", - деді сотталушының анасы сот залынан шығып бара жатқан қызының соңынан.

Хаменоваға қатысты сот отырысы
Фото: NUR.KZ

"8 ай уақытым үшін жауап береді. Әділдік жеңеді" - деген сөздермен сотталушы залдан шығып кетті.

Іс Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша қаралып жатыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен өңірлік мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысына қатысты тергеу басталғанын хабарлаған еді.

Ведомство шенеуніктер Атырау қаласында Абай ескерткішін жасау және қою бойынша 145 млн теңге сомасына мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы ЖШС басшысынан 4,5 млн теңге пара алды деген күдікке ілінгенін айтты.

Бастапқыда Бақытгүл Хаменова үйқамақта болды. Алайда кейін Атырау облысының прокуратурасы өтініш беріп, шенеунік қамауға алынып, тергеу изоляторына жеткізілді.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1981544-baqytgul-xamenovaga-qatysty-sot-otyrysy-11-tamyzga-auystyryldy/

jitsu gif