Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"10 сиырды бір сағатта сауамын": Ақтөбелік келіншек ептілігінің арқасында кәсібін дөңгелетіп отыр (фото)

Опубликовано:

Жаңылсын Азанова
Жаңылсын Азанова. Фото: KAZ.NUR.KZ / Ардақ Ерубаева

Мал бағып, құрт-майын сатып, елдің ықыласына бөленген көпбалалы Сағынғалиевтер отбасы Ақтөбе облысының Көптоғай ауылында тұрады. Алыстағы құм басқан ауылда шаруасын дөңгелетіп отырған еңбекқор жанұя KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді.

Қуаныш Сағынғалиев есімді азамат Ойыл ауданы Көптоғай ауылының тумасы. Алты баланың әкесі отбасындағы тірліктің таңғы сағат бестен басталатынын айтады.

"Таңда тірлік етсең, береке болады. Жағдайымыз шүкір, ешкімге алақан жаймаймыз. Отбасымызбен таңғы сағат 5-те тұрамыз. Қыздарым шешелерінің қасында жүріп сиыр сауады. Ұлым екеуміз мал түгендеп, өріске жібереміз. Күнделікті күйбең тірлік. Кәсібіміз - мал шаруашылығы. Құрт-майымызды сатып, азын-аулақ тиынның басын құрап отырмыз. Адамдардың сұрауына байланыста келіншегім құрттың ащысын да, тұщысын да істейді. Қоспасыз, жақсы болғасын сұраныс көп. Адал ас болсын деп таза қылып жасаймыз. Кейде бір адам 40 келі құртқа дейін тапсырыс береді. Соның бәрін келіншегім қыздарыммен үйлестіріп отыр. Балам екеуміз малдың соңындамыз. Үлкен ұлым 23 жасқа келді", - деген отағасы балалары туралы айтқанда жанарынан ерекше мақтаныш байқалды.

Қуаныш Сағынғалиев
Қуаныш Сағынғалиев. Фото: KAZ.NUR.KZ / Ардақ Ерубаева

45 жастағы Қуаныш Жаңылсын жеңгеймен 23 жылдан бері бір шаңырақтың астында тату-тәтті тұрып келеді. Төрт қыз, екі ұлы бар. Үлкен ұлы мұнайшы мамандығын бітіріп, Атырауда жұмыс істеген. Қазір ата-анасына қарасып, мал бағуға көмектесіп жүр. Үлкен қызы қалада медбике болып жұмыс істейді. Екінші қызы мектепті үздік бітіріп, грантпен оқып жатыр. Малшының төртінші баласы да мектепті үздік аттестатпен бітіріп, биыл грантпен оқуға түскен.

Көптің алғысына бөленген Сағынғалиевтер отбасы
Фото: KAZ.NUR.KZ / Ардақ Ерубаева

"Қазір қолымызда кенже ұл мен қызымыз бар. Шүкір, балалардың бәрінің сабағы жақсы болды. Еңбекке де құштар. Көргендерімді балаларыма үйретіп, малдың қырын көрсетіп отырамын. Қай-қайсысы да адал астың еңбекпен келетінін түсінеді. Ешкімге алақан жаймай, осы малмен балаларды жеткіздік. Балаларым өздері оқып жатыр. Алатын шәкіртақысы бар. Менен ақша сұрамайды. Бәрі де кішкентайынан еңбекті көріп өсті. Ешқайсысы шаруадан қашпайды. Жұмылып жұмыс істейміз. Айына табысымды есептеп көрген адам емеспін",- деді Қуаныш Сағынғалиев.

Қуаныш Сағынғалиев
Қуаныш Сағынғалиев. Фото: KAZ.NUR.KZ / Ардақ Ерубаева

Осы орайда ол қазақтың ырымына сәйкес малының санын жария етуді жөн көрмеді.

Ал ертелі кеш құрт-май дайындап, тапсырыс қабылдайтын Жаңылын Азанова он сиырды бір сағатта сауып бітіретінін айтты.

"Қазір он сиыр сауып отырмын. Бір сағатта сауып бітіремін. Одан қаймақ, май, айран, құртымды дайындап, сатып отырмын. Қыстай айран саттым. Қазір май-құртымды алушылар көп. Студент қызым демалысында көмектеседі. Ол кезде 10 сиырды бір сағатқа апармай сауып тастаймыз. Қысы-жазы сиыр сауамын. Қыста 2-3 сауынды сиыр болады. Одан айран ұйытамын. Сұраныс көп. Әсіресе, көрші облыс Атырау халқы көп тапсырыс береді. Ақтөбеден сұрататындар бар. Күзге дейін сауамын. Сол уақыт ішінде сататындарымды сатып, қор дайындаймыз. Қыздарым өздері көмектеседі. "Сауамын" деп ынталанып тұрады. Кішкентайынан сиыр сауғысы келді. Бір қызым бұзау тартады, екіншісі сауысады. Мен өзім де бала кезімнен сиыр сауғанмын. 13-14 жасымнан сиыр сауып, анамызға көмектестік. Бала ерте еңбекке араласқаннан жаман болмайды",- дейді Жаңылсын Азанова.

Құрт
Фото: KAZ.NUR.KZ / Ардақ Ерубаева

Газы жоқ алыстағы ауылда тұратын отбасы малдың қиын да жаратып, саудалап отыр. Осылайша, еңбекке құштар Сағынғалиевтар отбасы ауылдастарына үлгі болып келеді.

Көптің алғысына бөленген Сағынғалиевтер отбасы
Фото: KAZ.NUR.KZ / Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева, Ақтөбе облысы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1982163-10-siyrdy-bir-sagatta-sauamyn-aqtobelik-kelinsek-eptiliginin-arqasynda-kasibin-dongeletip-otyr/

pixel