Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты сот отырысы тағы да кейінге шегерілді (видео)

Опубликовано:

Бақытгүл Хаменованың ісі жалғасып жатыр
Бақытгүл Хаменова: KAZ.NUR.KZ

11-12 тамыз күндері Атырауда Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты сот отырысы өтті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бес куәгердің үшеуі сотқа қатыспағандықтан, келесі сот отырысы 5 қыркүйекке шегерілді.

Сот барысында прокурор Лаура Асанова айыптау актісімен таныстырды. Ол 55 беттен тұрады. Прокурор Бақытгүл Хаменованың өз лауазымын асыра пайдалану арқылы 4,5 миллион теңгені иемденіп, оны екі адамға бөлгенін айтты. Оның сөзінше, облыс әкімінің бұрынғы орынбасары “Абай” ескерткішін орнатуға келіскен компания басшысынан алған ақшаның тең жартысын, яғни 2 млн теңгесін тағы бір айыпталушы Ақылбек Рысқалиевке қалдыруды тапсырған.

"Хаменова Рысқалиевті Атырау облысы әкімдігі ғимаратында орналасқан өз кабинетіне шақырып, ақшаның жартысын Жәнібекке (Жәнібек Аманиязов, ОХШО басшысы - ред.), қалғанын өзіне қалдыруын тапсырған. Кейін Рысқалиевке қоңырау шалып оған: "Сен манағыға өте сақ бол, өте сақ бол! Сенің артыңнан қарап жүрген адам көп",- деп айтқан. Осылайша Рысқалиевке пара ретінде алынған ақшаға сақ болуды ескертті", - деді прокурор.

Бақытгүл Хаменова сот отырысы барысында өзіне тағылған айыптың ешқайсысын мойындамады. Одан бөлек екі айыпталушы: облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев делдал ретінде жұмыс істегенін, ал "Балқыту" ЖШС директоры Өміртай Адамов пара бергенін мойындады.

Бақытгүл Хаменова
Фото: KAZ.NUR.KZ

Хаменованың адвокаты өз қорғауындағы адамды уақытша қамау изоляторынан үйқамаққа ауыстыру туралы өтінішін білдірді. Бұл ұсынысты айыпталушылардың адвокаттары да қолдады. Алайда прокурор Лаура Асанова облыс әкімінің бұрынғы орынбасарын үйқамаққа шығаруға қарсы болған. Сот адвокаттың өтінішін қанағаттандырмады.

12 тамыз күні сот отырысы сағат 10:00-де басталып түске дейін созылды. Бүгін Атырау қалалық мәдениет бөлімінің қызметкері Лиза Укешова мен Махамбет ауданы Сарайшық ауылының әкімі Жексенбай Фазулов куәгер ретінде тыңдалды.

Куәгерлердің жартысының келмеуіне байланысты сот отырысы 5 қыркүйекке шегерілді.

"Амандықта, күш жинаңдар! Ал 5-не дейін!", - деп Хаменова қолдаушыларына сәлемін жолдап, сот залынан шығып кетті.

Еске салайық, 2021 жылдың желтоқсанында Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев пара алды деген күдікпен ұсталды. Олар Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді. Айыпталушылардың қатарында "Балқыту" ЖШС директоры Өміртай Адамов та бар. Оған "пара берді" деген айып тағылып отыр.

Хаменова өзіне тағылған айыптарды мойындаған жоқ.

Әйгерім Сайқын, Атырау облысы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1982934-besine-deiin-kus-zinandar-xamenovanyn-sot-otyrysy-tagy-da-segerildi-foto/

pixel