Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әскерде қысым көргенін айтқан арудың оқиғасы: Министрлік тергеудің аяқталғанын хабарлады

Опубликовано:

Сарбаз
Фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

Қорғаныс министрінің тапсырмасына сәйкес құрылған арнайы комиссия келісімшарт бойынша әскери қызметшіні Қарулы күштер қатарынан заңсыз шығарылуы және батальон командирі тарапынан оған оғаш қылық көрсетуі туралы әлеуметтік желіде жарияланған жазбаға қатысты қосымша тексеруді аяқтады, деп жазады министрліктің ресми сайты.

Комиссия сарбаздың айтқан тұжырымы мен айғақтарын қайтадан мұқият зерделеген.

Соның нәтижесінде қазақстандық арудың арызында көрсетілген фактілердің құжатпен расталмағанын және шындыққа жанаспайтынын анықтады.

Бұған дейін, 2022 жылдың 6 мамырында Қонаев гарнизонының Әскери полиция бөлімі аталған әскери қызметшінің жазбаша өтініші бойынша тексеру жұмыстарын жүргізген.

Батальонның барлық жеке құрамы сарбазға қатысты 54179 әскери бөлімінің лауазымды тұлғалары тарапынан заңсыз іс-әрекет фактілерінің болғанын растамады. 

"Жаңа комиссия жұмысының нәтижелері және Қонаев гарнизонының Әскери полиция бөлімі жинаған материалдарды қарау, сондай-ақ 54179 әскери бөлімі қызметшілерінің түсіндірмелерін талдау бойынша қазақстандық ару ұсынған айыптаулар расталмады", - делінген хабарламада.

Министрлік ұсынған ақпаратқа сәйкес, сарбаз қызмет атқару барысында батальон қолбасшылығы тарапынан бірнеше мәрте ескерту алған және әскери бөлімнің аумағына ұялы телефонды заңсыз алып кіргені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

"Биылғы жылдың 3 мамырында аттестаттау комиссиясының шешіміне сәйкес, қазақстандық ару жауынгерлік даярлық бағдарламасын төмен меңгергені және тәртіпті бұзғаны үшін Қарулы күштері қатарынан теріс пиғылы бойынша шығарылды.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңына сәйкес ол аттестаттау комиссиясының қорытындысымен келіспеген жағдайда сот органдарына жүгінуге құқылы екенін хабарлаймыз", - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Қазақстандық ару Қарулы Күштер қатарынан заңсыз шығарылғанын, командирлер тарапынан қысым көргенін айтып, көпшіліктен көмек сұраған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1982977-askerde-qysym-korgenin-aitqan-arudyn-oqigasy-ministrlik-tergeudin-ayaqtalganyn-xabarlady/

pixel