"Басынан кірпішпен ұрған": Павлодар полициясы бойжеткенге шабуылдаған бейтаныс адамды іздестіруде

Опубликовано:

Павлодарлық қызға шабуыл жасаған ер адам
Павлодарлық қызға шабуыл жасаған ер адам: polisia.kz ұсынған видеодан кадр

Павлодарлық полицейлер 20 жастағы бойжеткенге шабуыл жасаған ер адамды іздестіруде. Қала тұрғыны түнгі уақытта подъезд алдында басынан бейтаныс адам кірпішпен ұрғанын айтып, полицияға шағымданған, деп хабарлайды Polisia.kz.

Ведомстволық порталдың мәліметінше, 23 тамызда сағат 15.30-да Павлодар қаласының орталық полиция бөліміне павлодарлық қыз хабарласып, белгісіз ер адамға қатысты шара қолдануды сұраған.

Жәбірленушінің сөзінше, ол 21 тамызда сағат 01.10 шамасында танысына қонаққа таксимен келген. Подъезге жақындаған тұста белгісіз ер адамның артынан жүгіріп келе жатқанын байқаған. Есікті ашқан кезде ер адам басынан кірпішпен бірнеше рет ұрған.

Зардап шеккен бойжеткен ауруханаға 21 тамыз күні түстен кейін жүгінген. Оған "бас миының шайқалуы" диагнозы қойылған. Дегенмен ол ауруханаға жатудан бас тартқан.

Ал полицияға 23 тамызда ғана жүгінген.

"Аталған фактіге қатысты бұзақылық бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Аталған адамның жеке басын анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде", - дейді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Рашад Өтеуов.

Сонымен қатар павлодарлық полицейлер шабуыл жасаған адамды білетіндер болса, 102 нөміріне хабарлауды өтінді.

Еске сала кетейік, осыған ұқсас жағдай 16 тамызға қараған түні Алматы қаласының Медеу ауданының аумағында да болған. 28 жастағы алматылық ару көшеде өзіне бейтаныс адамның шабуыл жасағанын хабарлаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1984518-basynan-kirpispen-urgan-pavlodar-policiyasy-20-zastagy-qyzga-sabuyldagan-beitanys-adamdy-izdestirude/