"Ұялы телефонын тартып алғысы келген": Павлодарда бойжеткенді кірпішпен ұрған ер адам ұсталды
Жарияланған күні:
Павлодарда 20 жастағы аруды кірпішпен ұрған ер адам ұсталды. Ол 27 жастағы жергілікті тұрғын, деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, сотқа дейінгі өндірісті жүргізу барысында ер адамның қыздың ұялы телефонын тартып алғысы келгені анықталған.
"Тергеу қарақшылық шабуыл фактісі бойынша жүргізілуде. Күдікті Павлодар қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды", – дейді Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Рашад Өтеуов.
Еске сала кетейік, 23 тамызда Павлодар қаласының Орталық полиция бөліміне 20 жастағы павлодарлық қыз жүгінген болатын.
Ол арызында 21 тамыз күні сағат түнгі 01:10-да подъезд алдында өзіне белгісіз ер адам кірпішпен шабуыл жасағанын айтып, оған қатысты шара қолдануды сұраған.
Жәбірленушінің арызынан кейін полиция күдіктінің жеке басын анықтау үшін жедел-іздестіру іс-шараларын бастаған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1984675-uyaly-telefonyn-tartyp-algysy-kelgen-pavlodarda-boizetkendi-kirpispen-urgan-er-adam-ustaldy/