6 тікұшақ және 2500-ден астам адам: Қостанай облысындағы өрт қалай сөндіріліп жатыр (видео)
Жарияланған күні:
Төтенше жағдайлар министрлігі Қостанай облысындағы өрт туралы соңғы ақпаратпен бөлісті. Оқиға орнына тікұшақтар, ұшақ және 2 мыңнан астам адам жұмыс істеуде, деп жазады ведомствоның ресми сайты.
4 қыркүйек сағат 21:00-дегі жағдай бойынша, Әулиекөл ауданындағы өрт аумағы 43 мың гектардан асқан.
Озерное, Аманқарағай, Калинино және Лесное ауылдарынан барлығы 1840-тан астам адамның эвакуацияланғаны белгілі болды. Эвакуациялық пункттерде 66 адам қалған. Ал қалғандары туыстарынының үйіне орналастырылды.
Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қатысты сұрақтар үшін жедел желіні қосқанын хабарлады. Оған ақпараттық сипаттағы 30-дан астам қоңырау келіп түскен.
Сонымен қатар оқиға орнында психологтар жұмыс істеуде. Олар Әулиекөл ауданының эвакопунктерінде жергілікті тұрғындарға, соның ішінде балаларға шұғыл психологиялық көмек көрсетіп жатыр.
"Сағат 20:00-де 4 учаскеде – Аманқарағай, Лесное, Озерное және Бағаналы ауылдарының аумағында жалпы ұзындығы 5 шақырым өртті cөндірілді", - деп толықтырды ведомство.
Өртті сөндіруге 300-ден астам техника, оның ішінде Төтенше жағдайлар министрлігінің 4 тікұшағы, "Қазавиаорманқорғау" мекемесінің Ан-2 ұшағы, Қорғаныс Министрлігінің 2 тікұшағы, 5 өрт сөндіру пойызы жұмылдырылды.
Сонымен қатар, оқиға орнында Төтенше жағдайлар министрлігінің 1526 қызметкері, Ішкі істер министрлігінің 700-ден астам қызметкері, Қорғаныс министрлігінің жеке құрамының 169 қызметкері, орман күзеті қызметінің 137 қызметкері, "Қазавиаорманқорғау" мекемесінің 17 қызметкері, сондай-ақ ҚТЖ-ның жергілікті атқарушы органдарының мамандары жұмыс істеп жатыр.
Еске сала кетейік, кеше кешкісін Қостанай облысында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі енгізілген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1986121-6-tikusaq-zane-2500-den-astam-adam-qostanai-oblysyndagy-ort-qalai-sondirilip-zatyr-video/