Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жамбыл облысында электр қуатына доллармен төлейтін ауыл тұрғындары жанайқайын айтты

Опубликовано:

Лампа
Көрнекі фото: pixabay.com

Жамбыл облысында бүтін бір ауыл Қырғызстанның жарығына тәуелді. Тұрғындар көрші елден алатын электр қуатына төлемді доллармен жасайды, деп хабарлайды КТК арнасы.

Телеарнаның хабарлауынша, Меркі ауданындағы Жауғаш батыр ауылында 18 жыл бұрын трансформатор мен электр желілері бағанасымен қоса тоналып, тұрғындар тас түнекте қалған. Олар екі жыл бойы білте шаммен отырып, ақыры Қырғызстаннан қуат көзін алуға келіскен. Содан бері жергілікті тұрғындар мемлекетаралық тұтынушы ретінде қымбатшылыққа ұрынған.

"Мемлекетаралық тарифпен алып жатырмыз. Жоғалту, линия, басқасы бар, әр үй 100 киловаттқа 14-15 мыңнан төлеп отырмыз. Оның өзі проблема. Қырғызстанға бір адам жіберіп, ол шекарадан өту керек. Оны долларға айырбастап, қайта сомға айырбастап өткіземіз", - дейді Жауғаш батыр ауылының тұрғыны Өмірбек Оразбаев.

Теларна мәліметінше, ауылдан арнайы тағайындалған бір адам ай сайын төлем жасау үшін Қырғызстанға барып тұрады. Оның жол шығыны көпшіліктің мойында. Қымбат тоқтың өзі тұрақсыз көрінеді.

"Жарық жоқ болған адам баласына қиын ғой. Қырғызстан беруін беріп тұр. Бірақ сәл жел тұрса, өшіп қалады. Ол жаққа бара алмаймыз. Шекарадан өте алмаймыз. Өтуге 80 км айналып баруым керек", - дейді ауыл тұрғыны Сағат Жақсымбетов.

Телеарнаның хабарлауынша, осы маңдағы шекара заставасы да ұзақ жылдан бері жарыққа зәру. Олар дизельді генератор қолданады. Бұл жағдай бүгін-ертең шешілмеуі мүмкін.

"Жобамен жарық тартудың құны 532 миллион. Мұндай қаражат аудан бюджетіне ауыр. Сондықтан Энергетика және тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық басқармасына жыл басында өтінім бергенбіз. Өтінім тиісті министрлікке де жіберілді. Өкінішке қарай, әлі күнге жоба қолдау таппай отыр", - дейді Меркі ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Арғынбаев.

Қазақстанда тұрып шетел валютасына байланған тұрғындарға доллар бағамының өспеуі аса маңызды. Себебі тариф қымбаттап кетуі мүмкін.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1987418-zambyl-oblysynda-elektr-quatyna-dollarmen-toleitin-auyl-turgyndary-zanaiqaiyn-aitty/

pixel