Қайрат Сатыбалдыұлы кінәсін мойындап, ондаған млрд теңге залалды өтеді

Опубликовано:

Қайрат Сатыбалдыұлы
Қайрат Сатыбалдыұлы. Фото: Sputnik/Болат Шайхинов

Бүгін Астанада Қайрат Сатыбалдыұлы және тағы басқа тұлғаларға қатысты іс бойынша сот отырысы өтті. Сотта айыпталушы тарап Сатыбалдыұлының кінәсін мойындап, ондаған млрд теңге мүліктік залалды өтегені көрсетілген медиативті келісімді ұсынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Сотта қорғаушы екі медиация келісімін жария етті. Одан "Көліктік сервис орталығы" АҚ және "Қазақтелекомға" тиісінше 12 және 28 млрд теңгеден астам мүліктік залал келтірілгені белгілі болды.

Залал келтірген тұлғалар қатарында Қайрат Сатыбалдыұлы да бар. Астана қалалық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, Сатыбалдыұлы өз кінәсін және аталған АҚ-ға мүліктік залал келтіргенін мойындаған, сондықтан медиациялық келісімге қол қойып, келтірілген залалды толығымен өтеген.

Сатыбалдыұлымен бірге залал келтірген кімдер

Сот отырысында медиациялық келісімдер туралы толығырақ қорғаушы тарап айтып берді. Бірінші келісімде жәбірленуші ретінде "Көліктік сервис орталығы" АҚ көрсетілген. Келтірілген залал 28 млрд теңге.

"Медиациялық келісім (...) "Көліктік сервис орталығы" АҚ, Ғани Бекетов, Марат Мұхамеджанұлы және азамат Қайрат Сатыбалдыұлы оның өкілі Әсел Бахтиярқызымен жасалды. 1, 3, 4 тараптар "КСО"АҚ- қа 28 млрд 627 теңге сомасында қасақана залал келтіргенін мойындайды.

"КСО"АҚ жолдаған талап-арыздар бойынша 1, 3, 4 тараптар (редакцияның ескертпесі – айыпталушылар) өз ісіне толықтай өкінетінін және осы келісімді жасасу арқылы дауды бітімгершілікпен шешуге ниетті екенін білдірді", - дейді қорғаушы.

Екінші келісімде келтірілген шығын көлемі 12 миллиард теңгеден асады, ал зардап шеккен тарап - "Қазақтелеком" АҚ.

"Қазақтелеком" АҚ-ға қатысты сенімхат бойынша оның өкілі Әлия Кикенбаева және Қайрат Сатыбалдыұлы, оның өкілі Әсел Бақтиярқызы, Шыңғыс Қоңырбаев және Леонид Муравьев арасында медиациялық келісім жасалды (…).

Қаралып жатқан қылмыстық іс бойынша 1, 3, 4 тараптар Қылмыстық кодекстің 195-бабының 4-бөлігінің 2-тармағындағы "жеңілдіктер" және "соңғы миль" эпизодтары бойынша 12,7 млрд теңге сомасында мүліктік залал келтіру бойынша кінәсін мойындайды.

Тараптар жасаған істеріне толықтай өкінеді және келтірілген зиянды өз еркімен өтеуді қалайды, ол осы медиациялық келісімді жасау арқылы бейбіт жолмен өтелді", - деп толықтырды қорғаушы.

Айта кетейік, бүгін Қайрат Сатыбалдыұлы мен өзге де айыпталушыларға қатысты сот отырысында судья аудио-бейне жазбаға тыйым салған.

Еске сала кетейік, Қайрат Сатыбалдыұлы биыл наурыз айында ұсталған еді. Кәсіпкер лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және аса ірі көлемде "Қазақтелеком" акционерлік қоғамының қаражатын жымқыру фактісі бойынша деген күдікке ілінді.

Кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотқа дейінгі тергеу аяқталғанын мәлім етті. Сол кезде Антикор Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты салық пен кедендік төлемдерді төлеуден жалтару, қылмыстық кірістерді заңдастыру фактілері бойынша қосымша тергеу жүріп жатқанын хабарлаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1988752-qairat-satybaldyuly-kinasin-moiyndap-ondagan-mlrd-tenge-zalaldy-otedi/