Алматыдағы оқу орындарын Қонаев қаласына көшіруге қанша қаражат керек
Жарияланған күні:
Қазан айының басында Алматы облысы шенеуніктері Алматыдағы бірқатар университет пен колледж Қонаев қаласына көшірілетінін жеткізді. Олар жаңа салынатын студенттер қалашағына арнайы аумақ бөлмек. Ал идеяны жүзеге асыруға бір оқу орны орташа есеппен 110 миллиард теңге шығындалуы мүмкін, деп хабарлайды КТК арнасы.
Телеарна тілшілерінің хабарлауынша, Алматы облысының әкімдігі оқу орындарына жер беріп, инфрақұрылымын реттеуге алғашқы қадам жасаған.
"Жалпы бұл идеяның туындауы Алматы қаласында жер телімдерінің аздығы. Сонымен қатар біраз университеттің жатақхана салуға мүмкіндігі жоқ. Себебі – жер телімі жоқ. Ал біздің ұсынысымыз қажет инфрақұрылымның барлығын қамтамасыз етіп, жер телімдерін береміз. Ол жерге студенттердің оқу орталығын, кампустар салуға болады, сонымен қатар жатақхана мәселесін де бірден шешуге болады", - дейді Алматы облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
Телеарна мәліметінше, Алматыда қазір 36 жоғары оқу орны бар. Онда 190 мыңнан астам студент оқиды. Олардың үштен бірін көшіргеннің өзінде қаладағы қозғалыс саябырсиды.
Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті қоныс аудару шығынын шамамен есептеп шығарды. Корпусын көтеріп, жатақханасын тұрғызуға, жоқ дегенде 110 миллиард теңге қажет екен.
"Егер ол жақта инфрақұрылымнан бөлек, оқытушыларға, университет қызметкерлеріне баспана, барлық студентке жатақхана беретін болса, бұл ұсынысты тиімді деп айтар едік. Ал университеттің осынша миллиард ақшаға құрылыс жүргізуі еш қисынға келмейді. Бәлкім, Үкімет университеттерді көшіру үшін несие, субсидия бөлуі мүмкін. Ондай жағдайда жобаны жүзеге асыруға жоқ дегенде 5 жыл қажет", - дейді университет ректоры Асқар Хикметов.
Ал оқытушылардың бірсыпырасы бұл жобаны жеті рет өлшеп, бір рет кесіп барып жүзеге асырған жөн деген пікірде.
Алматы облысының әкімдігі телеарна тілшілеріне қазірден бұл ұсынысқа қызығушылық танытқан екі-үш университет барын айтқан. Студенттер қалашығына жерді жаңа ауданнан бөлуді көзделіп отыр. Әзірге сөз жүзіндегі жобаның нақты қашан іске асатыны белгісіз.
Дереккөз: КТК
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1992239-almatydagy-birqatar-oqu-oryndaryn-qonaev-qalasyna-kosiruge-qansa-qarazat-kerek/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.