Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жүрмейді, сөйлемейді": Ауыр дертпен күресіп жүрген алты жасар бүлдіршін шұғыл көмекке мұқтаж

Опубликовано:

Утебеков Табиғат пен қызы
Утебеков Табиғат пен қызы. Фото: Жеке мұрағат/ NUR.KZ

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында дүниеге келген Айғаным Еркінбай бүгінде қазақстандықтардың көмегіне зәру болып отыр. Алты жасар бүлдіршінге эпилепсия, микроцефалия мен БЦП деген ауыр диагноздар қойылған. Қауіпті дертпен алты жыл бойы күресіп келе жатқан жасөспірімнің ата-анасы енді оны шетелге апарып емдеткісі келеді. Алайда бұл ем қомақты қаражатты қажет етеді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Утебеков Табиғат пен Жайна Аймаханның бүгінгі жалғыз қалауы - қызы Айғанымның аяққа тұрып, ел қатарлы өмір сүруі. Белгілі болғандай, бүлдіршіннің денсаулығы екі айынан бастап нашарлай түскен. Анасының айтуынша, ол екі айына дейін жақсы дамып келе жатқан.

"Жүктілігімнің бастапқы айларында көп тұмауратып ауырдым. Босанғанда қызым кіндікке екі рет оратылып, жыламай дүниеге келді. Ауруханада дене қызуы көтерілді, бақылауда болдық. Үшінші күні үйге шықтық. Қызым екі ай жақсы дамыды. Күлетін, аунайтын, басын тік ұстайтын. Екі айлық екпесін алдық.

Содан кейін бес күннен соң аяғы құрысып қалды. Дәрігерге қаралдық, реанимацияға түстік. Солай бес жыл бойы аяқ-қолы тартылады, көздері жыпылықтап, бір нүктеге қарап қала береді. Қызым он айлықта аунады, бір жастан асқан соң отырды. Бірақ, жүрмейді, сөйлемейді", - деді Жайна Аймахан.

Утебеков Табиғат пен қызы
Утебеков Табиғат пен қызы. Фото: Жеке мұрағат/ NUR.KZ

Медицина қызметкерлері Айғанымға эпилепсия, микроцефалия мен БЦП диагнозын қойған. Отандық емханалардың табалдырығын тоздырған ата-ана кейіннен қызын Өзбекстанның Андижан қаласына емдетуге апарған. Олардың айтуынша, өзбек дәрігері бүлдіршіннің аяқ-қолының құрысып қалуын тоқтатқан. Бүгінде ерлі-зайыпты үш ай сайын Өзбекстанға ем алу үшін арнайы барып тұрады.

Оған қоса жақында олар Грекияның Салоники қаласынан шақырту алған. Жоспар бойынша Айғаным онда бір ай бойы жатып ем алуы тиіс. Ерлі-зайыптының сөзінше, ол үшін сегіз миллион теңге көлеміндегі қомақты қаржы қажет. Қазіргі уақытта ақша тапшылығын көріп отырған ата-ана шарасыздықтан отандастарынан көмек сұрауда.

"Ендігі мақсатымыз – қызымызды қатарынан қалдырмай жүргізіп, сөйлету. Қаламыздан емдік дене шынықтыру алып жатырмыз. Шетелге үлкен үміт артып отырмыз. Грекияға Салоники қаласына шақырту алдық. Ол үшін қомақты қаржы керек. Бір ай сол жақта жатып ем аламыз. Бар арманымыз - қызымыздың аяққа тұрып, сөйлегенін, өзі тамақ жегенін көру. Сіздерден келген әрбір көмекке мұқтаж болып отырмыз", - деді анасы.

Айғаным Еркінбай
Айғаным Еркінбай. Фото: Жеке мұрағат/ NUR.KZ

Айғаным Еркінбайдың еміне көмек көрсетемін деген барша жанашыр жандар төменде көрсетілген шот бойынша ақша аударуларыңызға болады. Бүлдіршіннің ата-анасы үшін әрбір тиын маңызды.

KASPI GOLD - 4400 4301 8923 7453 Табиғат Утебеков.

Каспи голд тіркелген телефон нөмірі: +7 775 469 1588

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1993161-zurmeidi-soilemeidi-qyzylordalyq-buldirsin-otandastarynyn-komegine-muqtaz/

pixel