Қазақ тіліне қатысты айтқан сөзі үшін Chocofamily негізін қалаушысының басы дауға қалды

Опубликовано:

Рамиль Мухоряпов
Рамиль Мухоряпов. Фото: instagram.com/rrm777

Chocofamily Holding компаниясының негізін қалаушы және тең құқылы иесі Рамиль Мухоряповтың қазақ тіліне қатысты айтқан сөзі желіде дау туғызды. Іс-шара аясында түсірілген видео желіде тарап кетті. Кәсіпкер айтқан сөзі үшін кейін көпшіліктен кешірім сұрады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Рамиль Мухоряповтың дау тудырған сөзіне қатысты видео Twitter-дегі парақшалардың бірінде жарияланды.

Видео Chocofamily жиналыстарының бірінде түсірілген болуы мүмкін. Онда қазақстандықтар әңгіме барысында орысша жауап бере бермейтіні айтылады. Бұл жағдайға Мухоряпов пікірін айтқан.

"Шынында, егер осындай жағдай бола қалса, өз басым қатты қынжыламын. Егер расында да адам орыс тілін білмейтін жағдайды есепке алмағанда. Өйткені, маған ол біртүрлі болып көрінеді. Бұл жерде ұлтшылдықтың аз да болса, көрінісі бар. Мұны қабылдауға болады, бірақ бұл асқан мәдениеттіліктен туындап отырған жоқ", - дейді кәсіпкер.

Кәсіпкердің ұстанымын желі қолданушылары сынға алған.

"Асқан мәдениеттіліктен туындап отырған жоқ" - бұл басқа елге келген кезде сол елдің тілінде ең болмағанда қарапайым сөздерді үйренуге тырыспау", "Біз өзіміз қалаған тілде сөйлейміз. Сізге біреу келген болса, ол сіздің тіліңізде сөйлейді", - деп видеоға пікір қалдырған желі қолданушылары.

Кейінірек Мухоряпов Instagram парақшасында стори жариялап, онда айтқан сөзін түсіндіруге тырысқан.

"Қазақстанға әр түрлі елдерден ақылды, ойы озық жігіттер келсе - керемет! Егер олар осы елде қалса, тіпті жақсы. Бұл - мықты мамандардың келгені, білім мен салықтың көбеюі", - дейді кәсіпкер.

Ол қазақтардың қонақжай халық екенін бәрі білетінін атап өткен.

"Достық пейіл танытпау, өзін өзгелерден биік санау, көмектеспеу, бағаны көтеру жақсы емес. Бұл елге жақында келгендерге ғана емес, өз жерлестерімізге де қатысты.

Тіл туралы. Егер сіз көмек сұраған қонағыңызға орысша білмей тұрып, қонаққа қазақша жауап беріп көмектесуге тырыссаңыз, сіз нағыз азаматсыз және бұл елдің нағыз қонақжай тұрғынысыз. Ал орыс тілін біле тұра, әдейі қазақша жауап беріп, өз артықшылығыңызды көрсеткіңіз келсе, сіздің жан-дүниеңізде нағыз қазақы қонақжайлық жоқ", - деп жазды Рамиль Мухоряпов.

Кейін кәсіпкер желідегі парақшасына қазақ тілінде кешірім сұраған тағы бір видеоны жариялады. Ол желіде бұған дейін жарияланған видеоны қарап шыққанын, сөздерінің өткір айтылғанын мойындаған.

"Ең алдымен барлықтарыңыздан кешірім сұрағым келеді. Ешкімді ренжітейін деген ойым болған жоқ. Мен қазақ тілін дамытудың маңыздылығын өте жақсы түсінемін. Компания ішінде барлық өнімге қазақ тілінде қолдау көрсетіледі. Қазір қосымшалардың кейбірі қазақ тіліне аударылды, кейбіреулері аударылу үстінде. Бұл жұмысты жақын арада аяқтаймыз деп сенемін", - дейді Рамиль Мухоряпов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1993604-qazaq-tiline-qatysty-aitqan-sozi-usin-chocofamily-negizin-qalausysynyn-basy-dauga-qaldy/