Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты кезекті сот отырысы келесі аптаға қалдырылды

Опубликовано:

Бақытгүл Хаменова
Бақытгүл Хаменова. Фото: KAZ.NUR.KZ

Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты сот отырысы кейінге қалды. Бұған оның адвокатының сот отырысына қатыса алмайтыны себеп болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін, 27 қазан күні Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты кезекті сот отырысы өтуі тиіс еді. Алайда, отырыс өткен жоқ. Бұған Бақытгүл Хаменованың адвокаты Игорь Вранчевтің денсаулығына байланысты сот отырысына келмей қалуы себеп болған.

Адвокат судьяға сот отырысын келесі аптаға ауыстыру туралы жазбаша өтініш түсірген.

Осыған байланысты тараптардың жарыссөзі 31 қазанға ауыстырылған.

Еске сала кетсек, Бақытгүл Хаменова мен өңірлік мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевке қатысты тергеу 2021 жылдың желтоқсан айында басталған еді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, олар Атырау қаласында Абай ескерткішін жасау және қою бойынша 145 млн теңге сомасына мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы ЖШС басшысынан 4,5 млн теңге пара алды деген күдікке ілінген.

Айыпталушылардың қатарында ЖШС директоры Өміртай Адамов та бар. Оған "пара берді" деген айып тағылып отыр.

Бақытгүл Хаменованың ісі бойынша сот отырысы биыл 11 тамызда басталды. Оның ісі Атыраудағы №2 қалалық сотта қаралып жатыр.

Бұған дейінгі сот отырысында Бақытгүл Хаменова өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын айтқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1994608-baqytgul-xamenovanyn-isine-qatysty-kezekti-sot-otyrysy-kelesi-aptaga-qaldyryldy/

pixel