Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Біртанов: Үкімге ішінара қанағаттандым, 1,3 миллиард теңге ақылға сыймайтын сома

Жарияланған күні:

Елжан Біртанов
Елжан Біртанов. Фото: NUR.KZ/Алена Бутенко

Экс-министр Елжан Біртанов сот үкімі жарияланғаннан кейін оған ішінара қанағаттанатынын айтты. Біртанов пен Әбішев Денсаулық сақтау министрлігіне өтеуге тиіс 1,3 миллиард теңгенің ақылға сыймайтын сома екенін айтты, деп хабарлайды KАZ.NUR.KZ.

Сот үкімін залда отырған Біртановтың туыстары, әріптестері мен бақылаушылар "ұят, ұят" деп қарсы алды. Елжан Біртанов журналистерге түсініктеме беру үшін айғай басылғанша күтуге мәжбүр болды.

"Мен санитарлық авиация эпизоды бойынша кінәлі емес деп танылғаныма ішінара қанағаттанамын. Платформа эпизодына келер болсақ, әрине, көңілім толмайды. Мен өзімді кінәсізбін деп есептеймін. Заңға сәйкес, бұл шешімге шағымдануға құқығым бар. Біз оны міндетті түрде қолданамыз, сондықтан мәселе әлі де ашық. Ары қарай күресті жалғастырамыз, өзіміздің кінәсіздігімізді дәлелдейміз.

Мен цифрлық платформаға қатысты үкімге қанағаттанбаймын, өйткені біз айыптаушы тараптың нұсқасы ешнәрсемен дәлелденбегені туралы жеткілікті дәлелдер келтірдік, ешқандай дәлел жоқ.

Платформа – бұл толықтай жұмыс істейтін өнім, оны пайдалану керек және мұны ешкім жасырмайды. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігінің талабын – неліктен Әбішев екеуміздің бір жарым миллиард төлеуіміз керектігін түсінбейміз. Бұл ақша хорватиялық компанияның есепшотына аударылған. Денсаулық сақтау министрлігі олардың мүдделеріне нұқсан келтірілді деп есептесе, оларды хорватиялық компаниядан өндіріп алу керек деп есептеймін", – деді Біртанов.

Ол өзінің адвокаттарымен ендігі әрекеті жайлы кеңесетінін, бірақ өзінің кінәсіз екенін одан әрі дәлелдеуге ниетті екенін айтты. Бас бостандығын шектеу кезінде Біртанов Астанада жұмысын жалғастырмақшы. Қазір ол медициналық компанияны басқарады.

Сондай-ақ Біртанов цифрлық платформамен эпизод бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне келтірілген шығынды өтеуге сот міндеттеген 1,3 миллиард теңгені қалай қайтаруды жоспарлап отырғанына да жауап берді.

"Мен әзірге ештеңе жоспарлап отырған жоқпын, бұл мүмкін емес. Бұл шындыққа жанаспайтын сома", – деді Біртанов.

Журналистер оның бұған дейін мұндай соманы төлеуге 100 жыл қажет екенін айтқанын еске салды.

"Өздеріңіз есептеңіздер, менің жеке кәсібім жоқ, жалдамалы жұмыс істеймін. Көрейік, бұл шешім әлі заңды күшіне енген жоқ. Өлмеген аюдың терісін бөлуге әлі ерте, дейді ғой. Апелляцияға береміз, – деді Біртанов.

Бүгін Астанада Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртанов 5 жылға, ал бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1994811-birtanov-ukimge-isinara-qanagattandym-13-milliard-tenge-aqylga-syimaityn-soma/