Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жұма сайын шелпек пісіремін": Қарағанды облысында орыс қызы қазақтың ұлттық дәстүрлерін дәріптеп жүр

Опубликовано:

Наталья Арыстанова
Наталья Арыстанова. Видеодан кадр: Астана арнасы

Қарағанды облысында ұлты орыс әйел қазақтың тілі мен салт-дәстүрін дәріптеп жүр. Тілді еркін меңгерген Наталья Арыстанова қазіргі уақытта ұлттық нақыштағы сыйлық, тарту-таралғы тігетін цех ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр, деп хабарлайды Астана арнасы.

Телеарнаның мәліметінше, Наталья Арыстанова - қазаққа келін болған. Бүгінде оның шағын кәсібі талай отбасына қуаныш сыйлап келеді. Наталья бұл бизнесті 4 жыл бұрын бастаған.

Телеарнаның хабарлауынша, кәсіпкер ұлттық нақыштағы бұйымдарды тіккендіктен қызметкерлерінен қазақ тілінде сөйлеуді талап етеді. Өзге ұлт өкілдерін қазақша оқытады. Натальяның пікірінше, мемлекеттік тілді білу - әр қазақстандықтың парызы.

"Қысқа мерзімді 21 күндік курстардан өтіп, сертификат алды. Содан мысалы, "Сәлеметсіз бе!?", "Сізге көмек қажет пе" деген секілді күнделікті керек сөздерді білетін болады", - дейді Наталья Арыстанова.

Наталья Арыстанова
Наталья Арыстанова. Видеодан кадр: Астана арнасы

Ал үйде Наталья барлық салт-дәстүрді сақтайтынын айтады. Оның сөзінше, жұма сайын міндетті түрде шелпек пісіріп, майдың иісін шығарады, сондай-ақ екі баласын қазақи тәрбиеге баулып отырады.

Наталья қазаны да өзі айналдыратынын атап өтті.

"Күздік те бар, соғым да бар. Неге десеңіз, кісі көп келеді. Қазы айналдыру дегенді ешкімге сенбеймін, өзім жасаймын. Ешкімге тапсыра алмаймын", - дейді ол.

Наталья Иванқызы Ақтөбе облысында туып өскен. Орыс мектебін бітірген. Алайда бала кезінен қазақ тілін үйренуге құштарлығы мен қазақи ортамен араласу арқылы осындай деңгейге жеткен.

Материал авторы: А. Қуаш

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1995497-zuma-saiyn-selpek-pisiremin-qaragandy-oblysynda-orys-qyzy-qazaqtyn-ulttyq-dasturlerin-dariptep-zur/

pixel