Энергетика министрлігі Риддердегі жылу электр орталығындағы жағдай туралы айтты
Жарияланған күні:
Энергетика министрлігі Риддердегі жылу электр орталығындағы жағдайға қатысты пікір білдірді. Қазіргі уақытта бір қазандық қосулы. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі ресми сайтында хабарлады.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, 7 қарашада Риддер ЖЭО-да №2 қазандық іске қосылған, №1 қазандықты да іске қосуға дайындық жүргізілуде. Қазір жылу желілерінде жылу беру температурасы 70-тен 30 градусқа дейін төмендеген.
Ведомство атап өткендей, 3 қарашада Риддер ЖЭО-ны шлактан тазарту үшін № 3 қазандықтың жұмысы тоқтатылса, 4 қарашада № 2 қазандық, 6 қарашада қосалқы жабдық бойынша ақауларды жою үшін № 1 қазандық және қыздыру бетіндегі ақауларды жою үшін № 6 қазандықтың жұмысы тоқтатылған.
Сонымен қатар Энергетика министрлігі Шығыс Қазақстан облысы әкімінің басшылығымен төтенше жағдай жөніндегі жедел штабы құрылғанын мәлім етті. Оның құрамына Атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің аумақтық департаментінің өкілдері де кірген.
Министрлік таратқан ақпарат бойынша, қазіргі уақытта жергілікті ауқымда жарияланған төтенше жағдайдың режимі шеңберінде өңірдің Өскемен және Согра ЖЭО энергетиктерін тарта отырып, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары ұйымдастырылған, сондай-ақ мазут қорларын жедел толықтыру жүзеге асырылуда.
Еске сала кетейік, 5 қараша күні сағат 20:00-де "Риддер ЖЭО" АҚ-дағы күл шығару жүйесінде сорғы істен шығып, № 1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты жағдайда ажыратылған еді.
Салдарынан жылу тасығыштың температурасы +39 градусқа дейін төмендеген (қалыпты температура мөлшері +70 °С). Осылайша Риддер қаласының 22 мыңнан астам абоненті үшін жылу беру азайтылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1995990-energetika-ministrligi-ridderdegi-zylu-elektr-ortalygyndagy-zagdai-turaly-aitty/