"Жұмысшылар кездейсоқ қазып алған": Алматы облысынан түркі дәуіріне тиесілі болуы мүмкін балбал тас табылды

Опубликовано:

табылған балбал тас
Табылған балбал тас. Фото: almaty.tv

Алматы облысы Жамбыл ауданынан түркі дәуіріне тиесілі болуы мүмкін балбал тас табылды, деп хабарлайды Алматы арнасы.

Телеарнаның хабарлауынша, Шилібастау бекетінде тұратын Оразбектер әулеті мәре-сәре күйде. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені табылған тас мүсін өздерінің ата-бабаларына тиесілі екеніне сенімді.

Олардың айтуынша, кезінде Еламан есімді арғы аталары осы Шилібастау ауылында елге белгілі бай болған. Балбал тас соның үйінде сақталып, кейін баласы Күлембайға қалған.

"Еламан атамыз осыны ұстаған. Апаларымыз құрт, май іліп қойған екен. Қатықтарын іле салады, аттарын байлай салады. Кеңес үкіметі кезінде ешқандай да жәдігер, құндылық дегенді білмедік қой. Бұл тастың керегі жоқ дегендей көме салған", – дейді Шилібастау ауылының тұрғыны Роза Шұлғаубаева.

Мамандардың пайымынша, мүсін сонау түркі дәуіріне тиесілі болуы мүмкін. Жергілікті тұрғындар оны Отар даласында болған жоңғарларға қарсы Аңырақай шайқасынан қалған болуы мүмкін деп болжайды.

"Ауылға келіп Түрксібтің жолын салды ғой. Сол кезде жолдың астына әкеліп осындайларды төсеген ғой. Сонда бақуатты кісі болған атамыз, солардан сатып алды деп жатыр. Ол кісі мұны құнды деп ойламаған", – дейді Роза Шұлғаубаева.

Тұрғындардың сөзінше, ер адамның сұлбасына ұқсайтын тасмүсін көктастан жасалған. Қазір Оразбектер әулеті белгітасты табылған жерінен алып, үйлеріне әкеліп қойған.

Ал Балбал тасты ауылға тұщы су жүргізіп жатқан жұмысшылар кездейсоқ қазып алған. Қазу жұмыстары кезінде тастың жартысы сынып қалған. Қалған бөлігін тұрғындар өздері қазып алған.

Телеарна мәліметінше, бағананың биіктігі шамамен 1 метрге жуықтайды. Ал ені 70-80 см-дей болады. Ауылда балбал тастың бар екенін елдімекендегі қариялар жақсы білетін болып шыққан. Мұндай тастың әйел кейпіндегі сыңары да бар көрінеді.

"Осы төңіректе үш тас тұрған осындай. Сол тасты секіріп, ат қылып мініп, доп ойнайтынбыз. Төңіректе өзі Аңырақай шайқасы болды, басқа да дүниелер болды. Аталарымыз белгі ретінде қоя берген ғой, соның бірі болар", – дейді Шилібастау ауылының тұрғыны Нұрдәулет Байбосынов.

Жаңалық жергілікті әкімдік өкілдерін де бей-жай қалдырмаған. Ауыл әкімі "Таңбалы" мұражайының мамандарын шақыртып, жәдігер табылған жерге келген. Археологтар мүсіннің балбал тас екенін айтып отыр.

"Табылған тастың балбал тас екені анық. Бұл тастар ерте кезеңдерде қайтыс болған кісілердің қабірінің басына қойылатын белгі тас ретінде тарихта белгілі. Кейінгі кезеңдерде ислам діні қазақ даласына келгеннен кейін дінге қайшы болғандықтан бұл тастардың көбісі жойылған болатын", – дейді "Таңбалы" мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің бөлім меңгерушісі Қуаныш Нұрмақсұтов.

Алдағы уақытта мамандар жәдігерді арнайы қорға тіркеп, бұл аймаққа зерттеу жүргізбек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1996325-zumyssylar-kezdeisoq-qazyp-algan-almaty-oblysynan-turki-dauirine-tiesili-boluy-mumkin-balbal-tas-tabyldy-video/