Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Анамды қатты көргім келеді": 31 жастағы Ермек Садықов 15 жылдан бері туған анасын іздеп жүр (видео)

Опубликовано:

Ермек Мұратұлы
Ермек Мұратұлы. Скриншот: "Жібек жолы" арнасы

31 жастағы Ермек Садықов өзінің туған анасын шарқ ұрып іздеп жүр. Анасы оны 1991 жылы Арқалық қаласындағы сәбилер үйіне тастап кеткен. Кейін Ермекті басқа ерлі-зайыптылар асырап алды. Десе де ол өзінің туған анасын табу үшін бар күшін салуда, деп хабарлайды Жібек жолы арнасындағы "Ел" бағдарламасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ермек Мұратұлы 1991 жылы Арқалық қаласында өмірге келді. Анасы одан бір күннен соң бас тартыпты және ұлының есімін өзі қойып кеткен. Содан бері туған анасынан еш хабар жоқ. Тоқсаныншы жылдардың басындағы қиын-қыстау заманда Ермекті өзге тоғыз баламен бірге Арқалықтағы жанұя асырап алады.

"Әпкем мен жездемнің екі ұлы бар еді. Олар қызды болуды армандап жүрді. Сол кезде дәрігерлер денсаулығына байланысты бала сүйе алмайтынын айтады. Бұл әпкем мен жездем үшін қатты соққы болды. Кейін ақылдаса келе, сәбилер үйінен бала асырап алуды жөн көрді. Балаларды көруге мен де еріп бардым. 90 жылдар ешкімге де оңай болған жоқ. Ол уақытта үш жасқа дейінгі балалар сәбилер үйінде болатын. Ересектерін балалар үйіне жібереді. Сәбилер үйінде алты қыз, төрт ер бала жатыр екен.

Сол сәтте меңгеруші: "Осы балалардың барлығын да алып кетсеңіздер болады", деп әзілдегендей болды. Біз де қалжыңдап: "Алып кетеміз" дедік. Бір қызығы, осының бәрі шындыққа айналып, әпкем мен жездем балалар үйінен он баланың барлығын алып кетті. Мемлекеттен еш жәрдемақы алмай, бағып-қақты. Бәрі тату-тәтті болып өсті. Өздерінің тағы екі ұлы барын айттым. Бұл балалар әпкем мен жездемнің 12 мүшесі сияқты", - дейді Қанат Естек.

Ермек жастайынан еңбекқор болып өскен. Ол 18-ге толған соң Қостанайдан Астанаға жол тартып, жұмыс істеп, үлкен өмірге араласа бастайды. 2013 жылы отау құрып, бүгінде өзі отбасылы адамға айналды. Бірақ оның анасын көрсем деген арманы жүрегіне тыныштық берген емес.

"Ата-анамнан рұқсат сұрап, анамды іздегім келетінін айттым. Алғашқыда оларға қиын болды. Бірақ соңынан батасын берді. Әр адам өз тегін білуі керек деп ойлаймын. Тегімді, туған әке-шешемді тапқым келеді. Анамды көрсем, оны еш кінәламаймын. Мені аман-есен өмірге әкелгені үшін бас иемін. Қазір оны көргім келеді, көмектескім келеді. Мүмкін, жағдайы жоқ шығар... Еш реніш жоқ менде. Тек анамды тапсам болды. Егер әкем табылса, оны да жақсы қабылдаймын. Тегімді білу үшін бірінші әкемді табуды бұйыртып тұрған шығар", - дейді Ермек Садықов.

"Ел" бағдарламасының ұжымы Арқалықтағы перзентхана архивін ақтарып, Ермектің туу туралы актісі тіркелген құжатты тапты. Онда көрсетілген әкесімен аттас адам да бар болып шықты. Бірақ ДНК қорытындысы теріс нәтиже көрсеткен.

Ермек ешқандай қиындықтарға қарамастан анасын іздейтінін, оны көру үшін бар күшін салатынын айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1996979-anamdy-qatty-korgim-keledi-31-zastagy-ermek-sadyqov-15-zyldan-beri-tugan-anasyn-izdep-zur-video/

pixel