Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жедел жәрдем көлігіне айналған": Шақыртуларға велосипедпен баратын павлодарлық медбике жайлы не білеміз

Опубликовано:

Павлодарлық мейірбике Гүлназ Құспекова
Велосипедті серік еткен Гүлназ Құспекова. Фото: Рavlodarnews.kz

Павлодардың Аққулы ауданы Тақыр ауылының тұрғындары медициналық көмек қажет болса, бірден Гүлназ Құспековаға хабарласады. Ақ қар, көк мұзға қарамай шақырған үйге дереу жететін медбике соңғы бес жылда жанына велосипедті серік еткен, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Жасы 60-қа таяған Гүлназ Құспекова қысы-жазы болсын велосипедіне мініп, қоңырау түскен мекенжайға шұғыл жетіп, алғашқы көмек көрсетіп келеді.

1983 жылдан бастап ақ халатын бір сәтке де тастамаған медбике Екібастұз қаласындағы медицина колледжін тәмамдап, еңбек жолын осы қаладан бастаған.

"Екібастұзда жұмыс істеп жүріп, Аққулы ауданына қарасты Тақыр ауылына тұрмысқа шықтым. Міне, содан бастап осы ауылда жұмыс істеймін. Шамамен 10 жыл Екібастұз қаласында, ал қазіргі кезде тақырлықтарға медициналық көмек көрсетіп келемін. Негізі, бала күнімнен дәрігер болуды армандадым.

Сыныптастарымның барлығы ақ желеңділерден қашып жүрсе, мен керісінше, олардың құралдарына ерекше қызығушылықпен қарайтынмын. Іштей өзіме "дәрігер боламын" деп уәде бердім. Келесі жылы осы салада жүргеніме 40 жыл толады", – дейді Гүлназ Құспекова.

Оның айтуынша, тұрғындардың қоңырауына байланысты кейде ауылдың бір шетінен арғы басына шұғыл жету қажет болады. Сол себепті, жолдасы сыйлаған велосипед Гүлназ Құспекованың жедел жәрдем көлігіне айналған.

"Сырт қарағанда көпшілік көзге медбикенің жұмысы қиын болып көрінбеуі мүмкін. Алайда, біз науқастың денсаулығына дәрігер сияқты жауаптымыз. Тақырда тек медициналық пункт болғандықтан, мұндағы дәрігер де, медбике де – өзім.

Тиісінше, алғашқы көмек көрсетіп, бірнеше адамға уақытылы ем жасау керек. Себебі, үй жағдайында босанып қалу, инфаркт алу, қан қысымының көтерілуі сынды жағдайлар болады. Сондай кезе велосипедпен шұғыл жетуге тырысамын. Бұл көлігіммен ауыл аралап жүргеніме 5 жыл болыпты. Тіпті, "велошабандоз медбике" атанып кеттім", – дейді Гүлназ Құспекова.

Түнгі уақытта жедел жәрдем көмегі шұғыл қажет болатын жағдайлар жиілейді. Сондайда бір қолына қобдиша мен шамды ұстап, велосипедпен жету медбике үшін үйреншікті жағдайға айналған.

"Медбикенің бойында қорқыныш болмауы тиіс. Дәрігерлер келген сәтке дейін сескену, сенімсіздік сынды ойларды ысырып тастап, алғашқы көмекті дұрыс көрсете білу өте маңызды. Әрбір медициналық көмек кітабы медбикенің жадында сақталғаны да жөн. Мысалы, өз басым науқасқа жеткенше ем-шараны қалай жасаймын, қандай дәрі беру қажет екенін електен өткіземін. Мұның көмегі бар. Себебі, бір ғана қате қадамнан адамның өмірі күрт өзгеруі мүмкін. Тіпті, инфарктің бірінші белгілері арқылы дер кезінде ем жасалмаса науқас арбаға таңылуы әбден мүмкін. Ал медицина мұндай олқылықты кешірмейді", – дейді Гүлназ Балтабайқызы.

Бүгінде Гүлназ Балтабайқызының зейнетке шығуына аз уақыт қалған. Десе де, үш баланың анасы аяқ-қолынан әл кеткенше "медбике Гүлназ" қызметін жалғастыратынын айтады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1997444-zedel-zardem-koligine-ainalgan-saqyrtularga-velosipedpen-baratyn-pavlodarlyq-medbike-zaily-ne-bilemiz/

pixel