"Алдымызда сайлау": Атырау облысында ауыл мектебінің директоры жыртық туды ауыстыруға халықтан көмек сұрады
Жарияланған күні:
Атырау облысы Мақат ауданының №208 сайлау учаскесі орналасқан №2 бастауыш мектебінде шатырға ілінген мемлекеттік ту желдің салдарынан бірнеше жерден жыртылған. Алайда қаражаттың жоқтығынан мектеп басшылығы туды ауыстыра алмай отырғанын айтады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Мектеп директоры Руслан Баймұқашев туды қарызға бере алатын тұлғалардан көмек сұрады. Айтуынша, биыл мемлекеттік рәмізді сатып алуға бюджеттен қаржы бөлінбеген. Мекеменің бюджеттік сұранысы Атырау облысы Білім басқармасының тарапынан да қанағаттандырылмауына байланысты он бір ай бойы туды мектеп басшысы өз қаражатына сатып алып келген.
"Дәл қазіргі уақытта сатып алуға қаражатым болмай отыр. Бес балам бар, әрқайсысының керек-жарағы, өмір сүруім бар. Кеше тағы да ту алайын дегенімде қаражатым жетпей, "мен мектепке ту аламын ба, әлде үйге тамақ аламын ба" деген сұрақ туындады. Амал жоқ, қалтам көтермеген соң алдымен мектеп директорлары, басшыларымыз отыратын чатқа жаздым, олардан көмек болмаған соң әлеуметтік желіден сұрай бастадым", – дейді Баймұқашев.
Атырау облысы білім басқармасына мектептен мемлекеттік рәміздер қажеттігі туралы сұраныс түспеді дейді.
"Атырау облыстық білім беру басқармасына Мақат аудандық білім бөлімінен өзіне қарасты №2 бастауыш мектебіне мемлекеттік рәміздер қажеттігі туралы сұраныс түспеді. Облыстық білім беру басқармасы осы іспеттес өтініштерді жүйелі түрде қарап, қанағаттандырады", – деп жауап берді облыстық білім басқармасынан.
Алайда бұл жауаппен Руслан Баймұқашев келіспеді.
Біз Мақат аудандық білім бөліміне хабарласып, аудандағы өзге мектептерде де осындай мәселе бар-жоғын білдік.
Білім беру бөлімінің басшысы Айбол Долдашев №2 мектепке ту қажеттігі жөнінде облысқа сұраныс жіберілгенін, алайда биыл Мақат ауданындағы барлық мектепке ту алу ерекшелігі бойынша қаражаттың бөлінбегенін жеткізді.
"Бірақ әр мектептің үнемделген қаражаты болған жағдайда ту сатып алуға мүмкіндіктері бар екені ескертілді. Сөйтіп аудандағы басқа мектептер жай жөндеуден артылған қаржыны облыстық мәслихат сессиясы арқылы басқа ерекшелікке ығыстырып, өз мектептеріне ту сатып алды. Ал №2 бастауыш мектептің жөндеу жұмыстары кезінде артық қаражат қалмаған", – дейді Айбол Долдашев.
Бүгінде Руслан Баймұқашев басшылық ететін №2 бастауыш мектепте мемлекеттік ту ілу мәселесі аудандық білім беру бөлімінің ықпалымен шешілген көрінеді. Алайда аудандық білім беру бөлімі де туды басқа мекемеден қарызға алғандықтан, тудың ақшасын мектеп директоры қараша айындағы еңбекақсынан тағы өзі төлемек.
"20 қараша күні өтетін президенттік сайлауда мемлекеттік білім беру ұйымының төбесінде мемлекеттік рәміздің асқақтап тұрғанын қалаймын. Қазіргі кезде менің фейсбук парақшасына жазған постымды алып тастауға өтініш жасап, телефон соққызып, постты алдыртуға тырысып жатқан адамдар бар. Мақатта қаражаттың жеткілікті бөлінбеуінен азып - тозып тұрған мектептің бар екені сайлау алдында ғана есіне түсіп, ұйқыдан шошып оянғандай", – дейді Мақат аудандық №2 бастауыш мектебінің директоры Руслан Баймұқашев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1997740-aldymyzda-sailau-atyrau-oblysynda-auyl-mektebinin-direktory-zyrtyq-tudy-auystyruga-xalyqtan-komek-surady/