Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандық жас мамандар «Ұрпақтар келісімшарты» аясында сүйікті мамандықтарының жаңа қырларын ашуда

Опубликовано:

оқытушы
Көрнекі фото: pixabay.com

Жұмысқа орналасу, жаңа жұмыс орнында ұжыммен тіл табысу, университетте немесе колледжде теорияда оқығанды іс жүзінде игеру – мұның бәрі түлектер үшін күрделі мәселе. Оны еңсеру үшін Қазақстанда «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы жұмыс істейді. Оның басты мақсаты – жас мамандарға тәлімгерлер мен тәжірибелі қызметкерлер арқылы қолдау көрсету.

«Ұрпақтар келісімшарты» Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде іске асырылуда. Оның қатысушылары – аға буын қызметкерлерінің басшылығымен іс жүзінде жаңа мамандықтарды меңгеретін жас қазақстандықтар.

Ең дұрысы, осы жоба бойынша зейнеткерлік жасқа дейінгі қызметкерлер өздерінің ізбасарларын жұмыс орнын табыстау мен зейнеткерлік демалысқа шығу үшін кәсіпке баулиды. Дегенмен «Ұрпақтар келісімшартында» оқиғалар өрбуінің көптеген нұсқаларын шамалайды. Мысалы, тәлімгер жалғыз болмауы мүмкін. Ортақ іске бүкіл ұжым атсалысып, тәжірибелі қызметкерлер білімдерімен бөліседі, жастарды жетекшілігіне алады. Енді еңбекке кіріскен әріптесіне жұмысты қалай тез үйренуге және тиімді орындауға болатынын үйретеді, құнды кеңестерімен бөліседі. Жобаға қатысу аяқталғаннан кейін жас маман тұрақты жұмысқа орналаса алады.

Жобаға екі жыл ішінде оқу бітірген, 29 жастан аспаған жоғары оқу орындары мен колледждер түлектерінің қатысуы қарастырылған. Олар дипломда көрсетілген немесе соған жақын мамандық бойынша жұмысқа орналасады.

Мәселен, алматылық Гүлім Әділхан «АНА ТІЛЕГІ» қоғамдық қорында әлеуметтік педагог. Кейіпкеріміз Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмамдап, әлеуметтік педагогика бакалавры атанды.

«Мен балалармен жұмыс істегенді ұнатамын, олардың бәрі жан-жағына нұр шашып тұрады, әрқайсысы бөлек бір тұлға. Анам өмір бойы мұғалім болып істейді. Сондықтан отбасымыздағы сабақтастықты жалғастырушымын десе болады, – дейді Гүлім.

Университетті аяқтағаннан кейін ол жұмыс іздеп жүріп, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына қатысу туралы ұсынысқа оң жауап берді. Міне енді үшінші ай тәжірибелі қызметкерлердің қолдауымен Гүлім Әділхан ЖОО-да алған әлеуметтік педагог дағдыларын тәжірибеде шыңдауда.

«Ұжымымыз өте тамаша, мені жақсы қабылдап, қолдады. Жұмысым өзіме қатты ұнайды», - дейді ол.

Қызылорда тұрғыны Таймұрат Бақтыбай да адамдарға көмектесіп, қол ұшын созуға арналған мамандықты таңдады. Тиісті оқудан кейін ол «Ұрпақтар келісімшарты» аясында Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына мейіргер болып жұмысқа орналасты.

Коронавирустық пандемиямен күресудің алдыңғы шебінде болған дәрігерлер жас медицина қызметкеріне шабыт берді, жақсылыққа құштарлығын оятты. Сондықтан ол инфекциялық стационарға жұмысқа шығу туралы ұсынысты еш ойланбастан қабылдады. Тәлімгерлердің қолдауымен жас жігіт мейіргердің қыр-сыры мол жұмысын игеруде. Мейіргер қызметінің мәні - адамдарға көмектесу, ауруды жеңілдету және күтім жасап, қамқорлық көрсету. Сонымен қатар, жұқпалы аурулар ауруханасында жұмыс істеу қауіпті инфекциялардың таралуына қарсы күреске қатысуға, эпидемияға тойтарыс беруге өз үлесін қосуға мүмкіндік береді.

«Ұрпақтар келісімшарты» 6 айдан аспайды. Ол аяқталғаннан кейін жас қызметкер құрылған тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналасады немесе зейнетке шыққан тәлімгерін ауыстырады. Жобаға қатысушының жалақысы кемінде 30 АЕК (91 890 теңге) деңгейінде белгіленеді, бірақ жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша одан көп көтерілуі мүмкін.

Ағымдағы жылдың 10 айында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына жүгінсек, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына 485 жас маман қатысты. Ақтөбе облысында жоба бойынша жұмысқа орналасудың ең жоғары көрсеткіші - 99 адам. Алматы облысында «Ұрпақтар келісімшарты» аясында жоғары оқу орындары мен колледждердің 67 түлегі, Алматы қаласында – 60, Қызылорда облысында – 40, Қарағанды облысында – 36 жас маман жұмысқа орналастырылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1997936-qazaqstandyq-zas-mamandar-urpaqtar-kelisimsarty-ayasynda-suiikti-mamandyqtarynyn-zana-qyrlaryn-asuda/

pixel