Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Шұбырып ауылдың шетіне барамыз: Ақтөбеде іргесіндегі елдімекен балалары мектепке бару үшін атшаптырым жер жаяу жүруге мәжбүр

Опубликовано:

Сазды-2 ауылының тұрғындары
Сазды-2 ауылының тұрғындары. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Ақтөбе қаласының іргесіндегі Сазды-2 ауылының оқушыларына мектепке бару мұң болып тұр. Ауыл шетіндегі жалғыз аялдамаға жету үшін балалар 2-3 шақырым жер жаяу жүруге мәжбүр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жергілікті шенділер Сазды-2 ауылының халқымен кездесті. Тұрғындардың қала, аудан әкімдерімен кездесуі бірінші рет емес. Бұл жолы да көпшілік қала іргесіндегі ауыл тірлігіне қиындық келтіріп отырған мәселелерді тізді.

Тұрғындардың сөзінше, әсіресе қазіргі таңдағы басты мәселе - жол. Себебі, ауыл ішіне жол түспегендіктен, балаларды таситын автобус елдімекенге кірмейді. Бұл өз кезегінде балалар үшін де, үлкендер үшін қиындық тудырып отыр.

"Осы ауылға көшіп келгеніме төрт жыл болды. Проблема жетеді. Бастысы - жол. Жолы жоқ ауылға автобус кірмейді. Бес немерем бар. Мектеп автобусы ауылдың шетіне ғана тоқтайды. Амал жоқ, балшыққа былғанып, шұбырып ауылдың шетіне барамыз. Ешқандай жағдай жоқ. Балаларға обал", - дейді ауыл тұрғыны Алмаш Тілеубаева. 

Тұрғындар жол мәселесі қажытып жібергенін айтады.  

"8 жыл болды. Жол мәселесі әбден шаршатты. Боранда көліктерімізді далаға қойып кетеміз. Автобустар ауылға кірмейді. Жедел жәрдем де кіре алмайды. Ауырған үлкен кісілерге қиын", - дейді тағы бір тұрғын Ерғали Бижанов. 

Ал халықпен кездесуге келген әкімдік өкілдері келесі жылы жол салу мәселесі шешіледі деп сендірді. 

Сазды-2 ауылының тұрғындарымен кездесуге келген әкімдік өкілдері
Әкімдік өкілдері Сазды-2 ауылының тұрғындарымен кездесуде. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

"Астана ауданында 20 елдімекен бар. Кезінде 30 мың жер телімі берілген. Ешқандай коммуникация тартылмаған. Халық қазір жол, жолға қиыршық тас төсеу, жарықтандыру мәселелерін шешуді сұрап отыр. Тұрғындардың талаптары дұрыс. Келер жылы Сазды-1 мен Сазды-2 ауылдарындағы 39 көшеге асфальт төселеді. Биыл жоба жасалды. Жол салынған кезде ауыл ішіне автобус кіреді", - дейді Астана ауданының әкімі Айбек Көпенов.

Айта кетейік, қазір Сазды-2 ауылындағы 50-ден астам бала Сазды орта мектебі мен №66 орта мектебіне қатынап оқиды. Мектеп автобуысы белгілі бір маршрутпен жүреді. 

Материал авторы: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1998960-zol-maselesi-abden-sarsatty-aqtobede-balalar-mektepke-baru-usin-at-saptyrym-zer-zayau-zuruge-mazbur/

pixel