Екібастұз тұрғындары жылусыз қалды
Опубликовано:

Екібастұзда жылу электр орталығындағы бірнеше қазанагрегат тоқтап, тұрғындар жылусыз қалды, деп хабарлайды "Екібастұзжылуэнерго" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Instagram парақшасында.
Компания хабарлауынша, 27 қарашада сағат 01:20-да №11 қазанагрегат тоқтап қалған. Сағат 01:30-да желілік судың көп шығындалуына байланысты №13, 14, 15 қазандық агрегаттары жұмыс істемей қалған.
"Қазіргі уақытта №8 және №14 қазанагрегаттары іске қосылып жатыр. Жөндеу бригадалары ұйымдастырылды. Жақын арада параметрлері қалпына келтіріледі. Қала, облыс, "Павлодарэнерго" акционерлік қоғамы жағдайды тұрақтандыру үшін барлық қажетті қолдау көрсетіп жатыр", - делінді хабарламада.
Компания қала тұрғындарынан коммуналдық қызмет жағдайын ушықтырмау үшін желілік суды ағызбауды сұрады.
"Құбырлар толығымен салқындап, үй жалпы жылу жүйесінен ажыратылған жағдайда ғана жүйеден желілік суды ағызу қажет", - деп түсіндірді "Екібастұзжылуэнерго" өкілдері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1999109-ekibastuz-turgyndary-zylusyz-qaldy/