ЖЭО-дағы апатқа байланысты Екібастұзда төтенше жағдай жарияланды
Опубликовано:

Екібастұздың жылу электр орталығында апатқа байланысты қалада төтенше жағдай жарияланды. Бұл туралы Екібастұз әкімдігі Instagram-дағы ресми парақшасында хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Әкім жылу желілеріндегі апатқа байланысты Қазақстан Республикасы "Азаматтық қорғау туралы" заңының 48-бабына сәйкес Екібастұз қаласының аумағында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялады.
Сағат 01-30-дағы жағдай бойынша 17 көпқабатты тұрғын үй, 5 әлеуметтік және 21 заңды тұлға нысаны жылусыз қалып отыр", - делінген әкімдік хабарламасында.
Ведомствоның мәліметінше, төтенше жағдай режимі төтенше жағдай аймағында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталғанға дейін күшінде болады.
Еске сала кетейік, 27 қарашада сағат түнгі 01:20 шамасында Екібастұз ЖЭО-дағы бір қазандық, кейін желілік суды көп тұтынуға байланысты тағы үшеуі істен шығып, салдарынан қала тұрғындары жылусыз қалды.
Апат болған жерге дереу облыс әкімі келіп, жедел штаб құрылды.
Сондай-ақ мемлекет басшысы жылу электр орталығында апатқа байланысты үкімет пен облыс әкімдігіне тапсырма берді.
Бүгін екібастұздық оқушылар сабақты қашықтықтан оқитын болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1999153-ekibastuzda-zylu-elektr-ortalygynda-apatqa-bailanysty-totense-zagdai-zariyalandy/