Астанада ертең бірінші ауысымдағы 0-9 сынып оқушылары онлайн оқиды
Опубликовано:

Бейсенбі, 8 желтоқсан күні елордада бірінші ауысымдағы 0-9 сынып оқушылары сабақты қашықтан оқитын болды. Бұл туралы астананың білім беру басқармасы өз Instagram парақшасында хабарлады. Мұндай шектеу оқушыларға төртінші күн қатарынан енгізіліп отыр.
"2022 жылғы 8 желтоқсан күні ауа райының қолайсыздығына байланысты бірінші ауысымның 0-9 сынып оқушылары қашықтан оқыту форматына көшеді", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, сейсенбі, 6 желтоқсанда Астанадағы бірінші ауысымда оқитын барлық мектеп оқушылары мен колледждердің 1 және 2 курс студенттерін қашықтан оқытуға жіберу туралы шешім қабылданған еді.
Жалпы алдағы тәуліктерде атмосфералық фронтальды бөліктердің әсерінен республиканың шығысында, орталығында және оңтүстігінде қарлы бұрқасын, оңтүстік және оңтүстік-шығыстағы таулы аймақтарда қалың қар күтіледі.
Сондай-ақ алдағы үш күнде елімізде біртіндеп аяздың беті қайтады деп күтілуде:
батыста түнде 5-15 градусқа дейін, күндіз 0-5 градусқа дейін аяз;
солтүстікте түнде 18-28 градусқа дейін, күндіз 12-17 градусқа дейін аяз; орталықта және шығыста түнде 22-30 градусқа дейін, күндіз 13-20 градусқа дейін аяз болмақ.
Ал республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында ауа температурасы түнде 13-25 градусқа дейін, күндіз 8-18 градусқа дейін төмендеуі ықтимал.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2000589-elordada-erten-birinsi-auysymdagy-0-9-synyp-oqusylary-onlain-oqidy/