Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бірінші күн тыныш болды": Желтоқсаншы өзі куә болған оқиғаны баяндап, естелігін бөлісті

Жарияланған күні:

Ботагөз Омарова
Ботагөз Омарова. Фото: KAZ.NUR.KZ

36 жыл бұрын Алматыдағы алаңға шыққан жастардың бірі - Ботагөз Омарова. Ол қазір Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп гимназиясының мұғалімі. Ақтөбедегі "Желтоқсан алауы" қоғамдық бірлестігінің мүшесі KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, сол күндері өзі куә болған оқиғаны баяндап берді.

Желтоқсан куәгері Ботагөз Омарова 1986 жылы Абай атындағы қазақ педогогикалық институтының үшінші курсында оқыған.

"Ол кезде менің отбасым, бір балам болды. Жолдасым мал дәрігерлік институтында оқып жүрді. Институттың алтыншы жатақханасының үшінші қабатында тұрдық. Сәтбаев көшесіндегі жатақханамыз алаңға жақын еді.

15 желтоқсан күні кешкілік жатақханаға бір жігіттер келіп, қағазға жазылған хабарландыру таратты. Оның толық мәтіні есімде жоқ. Ертеңгі күнге алаңға шақырғаны ғана есімде. 16 желтоқсан күні жолдасым және басқа да студенттер бірігіп, алаңға бардық. Біз барғанда біраз адам болды. Полиция қызметкерлері алаңда тұрғандарды қоршап тұрды.

Бізді басында кіргізген жоқ. Басқалар да келіп, жастар легі жиналған кезде амалсыз кіргізіп жіберді. Алматы жылы қала, бірақ сол күні ызғарлы болды, жерде қар жатты. Кешке дейін тұрдық. Бірінші күн тыныш болды. Алаңдағы лық толы жастар "Елім-ай", "Атамекен" әндерін тебірентіп айтты. Топты басқарып, "ән айтамыз, отырамыз, тұрамыз" деп ұйымдастырып жүргендер болды", - дейді Ботагөз Омарова.

Ботагөз Омарова
Ботагөз Омарова отбасы және замандастарымен. 1986 жыл. Фото: Ботагөз Омарованың жеке мұрағатынан

Ол алаңға жиналған жастар билік өкілдерінің "тараңдар" деген бұйрығын тыңдамағанын айтады.

"Қонаевтың орнынан алынуын қазақ жастары ауыр қабылдады. "Сырттан келетін басшы керек емес" деп қазақ жерінен шыққан адамның басшы болуын талап етті. Басшылыққа тілімізді, дінімізді сақтап қалатын ел азаматы келуі сұралды", - дейді желтоқсаншы.

Айтуынша, жастар алаңға кезектесіп шыққан. Оқытушылардың ескертуіне қарамастан студенттер алаңға барып, "Елім-ай" әнін шырқаған.

"Жастармен бірге алаңда ес тоқтатқан ересек адамдар да жүрді. 16 желтоқсан күні кешкілік адамдарға ыстық, суық су шашу басталды. Терезеден бәрін көріп тұрдық. Сол кезде өлең айтып тұрған жастарды есіңе алсаң, амалсыз көзге жас келіп, тебіренесің. Жастар ештеңеден қорыққан жоқ", - деген Ботагөз Омарова кейін қатты қудалау болғанын еске алды.

"Қатты соққы алып, ауруханаға барып емделе алмай жүрген қаншама студентті көрдік. Сол кезде түсірілген суреттер бойынша іздеу жүргізілді. Алаңда түсірілген суреттермен біздің бір жолдасымыз ұсталып, сотталып кетті. Кейін бәрі ақталды ғой.

Алаңдағы жастар қозғалысы тәуелсіздіктің себепшісі болды деп ойлаймын. Наразылық шаралары 16-18 желтоқсан аралығында болды. Кейін алаңға техникалар әкелінді. БТР машиналар үрей туғызып, түнімен жүретін. Суреттерді ұстап, барлық оқу орындарын аралады. Оқытушылардың арасында студенттерін жасырып қалғандар да, айтып бергенде де болды... Сол кезде түрмелерге адам сыймай жатқанын естідік.

Автобустарда студенттік билеттерін алып кетіп, учаскеге шақырып, "суреттердің ішінен таныс адамды тауып берген кезде ғана билетіңді аласың" деген іздестірулер де болды", - дейді ол.

Ботагөз Омаров бүгінде Ақтөбедегі "Желтоқсан алауы" қоғамдық бірлестігінің мүшесі. Онда қазір жүзден аса адам бар. Сөз соңында желтоқсаншы "Тәуелсіздік үшін жасалған күрес насихатталса, жастардың патриоттық сезімі артар еді" деген тілегін де айтты.

"Мен үшін тәуелсіздік деген сөздің өзі ерекше естіледі. Ол бізге қиындықпен келді. Қаншама қыршын жастың қаны төгілді. Өмір бойына ауру жамап, мүгедек болып қалғандар қаншама. Сол жастарға жасалған қорлық тек қудалаумен бітпейді. Айықпас дертке шалдыққандар көп болды. Қазіргі мектептер мен оқу орындарының қазақылануы, көшеде қазақша сөйлеуіміз, қазақ тілінде қызмет көрсетілуі сол кездегі қазақ жастарының үні деп білемін.

Тәуелсіз ел болған 30 жыл ішінде таза қазақ тілінде білім алу мүмкіндігі туды. Қазақстан мемлекетін әлем таниды. Кішкентай Димашымыздың өзі қандай?! Елді сүйген кішкентай жүрегі әлем елдеріне қазақ тілінде ән айтқызды. Тәуелсіз елдің мақтаныштары көп болсын деп тілейміз", - дейді ол.

Авторы: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2001845-zeltoqsan-kuageri-alandagy-zastar-qozgalysy-tauelsizdiktin-sebepsisi-boldy-dep-oilaimyn/