Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Аузымыздан бу шығады": Атырауда көпқабатты 9 үйдің тұрғындары бүрсең қағып отыр (видео)

Жарияланған күні:

Атырау тұрғындары
Атырау тұрғындары. Фото: KAZ.NUR.KZ

Атыраудағы "Тұлпар" шағын ауданындағы тоғыз бірдей көпқабатты үйдің тұрғындары қыс басталғалы бүрсең қағып отырғанын айтып шағымданды. Олар үйде балаларының бас киім мен қабат-қабат киіммен жүретінін айтуда. Тұрғындардың сөзінше, жылу маусымы басталғалы тұрғын үйлер жылынбаған, деп жазады өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Өңірде аяз басталғалы пәтерлерде температура тіптен түсіп кеткен. Биыл "Тұлпар" шағын ауданында жаңа қазандық іске қосылған. Ол 9 көпқабатты үйді жылытуы керек еді. Алайда тұрғындар бұрын-соңды мұндай салқын болмағанын алға тартады.

"Алдыңғы жылдары үйдің іші ыстық болатын, тіпті терезе ашып қоятынбыз. Қазіргідей салқын емес еді, мұндайды көшіп келгелі көрмедік. Бала-шағамызбен бір бөлмеге пеш және сплит-система қосып ұйықтаймыз. Таңертең бөлмеміздің есігін ашқанда аузымыздан бу шығады. Келесі бөлмеге кіргенде далаға шыққандай боламыз. Балалар бас киім, күртешелерін киіп алады. ПИК мамандарына күнде барамыз, әкімдікке да шағым түсірдік. Алайда ондағылар батареядан ауа шығармадыңдар деп өзімізді кінәлап шығарып салды", - дейді № 77 үйдің тұрғыны Алтынгүл Танашева.

Тұрғындардың айтуынша, электр пешімен жылытуға барлық тұрғындарда бірдей мүмкіндік жоқ. Өйткені жарыққа өте көп шығын шығады. Үйде көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнеткерлер бар. Үйдің салқындығына қарамастан тұрғындар коммуналдық төлемдерді ай сайын төлеп отырғандарын айтады.

"Үйді электр пешімен жылытуға тура келіп отыр. Оның шығыны да қалтамызға оңай тиіп тұрған жоқ. Үй қақап тұр, сонда да жоқ жылудың ақшасын төлеп отырмыз. Міне қараңыз, батареялар қан жылым. Ал түнде қысымды тіптен төмендетіп тастайды, салдарынан батареялар мүлдем суып кетеді. Акимат та, КСК да біздің мәселемізді біледі. Бірақ ауа шығармайсыздар, батареяны үйден сөндіріп отырсыздар, деп өзімізді кінәлайды. Біз барлығын да жасадық. Өзіміз үсіп отырғанда оны өшіріп неғыламыз?", - дейді тағы бір тұрғын Гаухар Борисқызы.

Қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы "Тұлпар" тұрғындарының мәселесі өздеріне таныс екенін айтты. Арнайы комиссия құрылып тексеріс те жүргізілген.

"Бұл шағын аудан тұрғындарынан жылуға байланысты арыз түскен. Комиссия барып тексеріс жүргізді. Алайда әкімдік тарапынан да, ПИК тарапынан да қателіктер анықталмады. Орталық жылу желісінен бірқалыпты жылу беріліп отыр. Тұрғындар өздері батареяларды тазартып тұруы қажет. Ақау өздерінің үй ішінен орын алып отыр, тазаланбаған. Тағы да тексеріс жүргіземіз", - дейді қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі мамандары.

Алайда тұрғындардың айтуынша, комиссия келетін күні ғана үй іші кенет жылынып кетеді, кейін бәрі кеткен соң бұрынғы жағдай қайталанады.

"Біз шағымымызды кімге айтарымызды да білмейміз. Үйіміз комиссия келгенде ғана жылынады. Кейін қайта суып кетеді. Батареяны да тазаладық, жаса дегендердің бәрін жасадық. Бірақ ешнәрсе өзгермеді. Енді одан да жоғары басшыларға шығуға мәжбүрміз. Өйткені қақаған қыс алдымызда", - дейді тұрғындар.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2002120-auzymyzdan-bu-sygady-atyrauda-kopqabatty-9-uidin-turgyndary-bursen-qagyp-otyr-video/