Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Айырмен шаншып өлтірген": желіде аққуға ұқсайтын құсты аулаған ер адамдардың видеосы тарады

Опубликовано:

Аққу
Аққу. Көрнекі фото: pixabay.com

Әлеуметтік желіде өзеннен аққуға ұқсайтын құсты айырмен жаншып ұстап алған ер адамның видеосы тарады. Желі қолданушылары бұл жайттың Қызылорда облысында болғанын жазуда. Осыған қатысты өңірлік полиция департаменті пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Аталған видео Instagram парақшаларының бірінде жарияланды.

"Қызылордада киелі аққу құсына шанышқы тығып өлтірген. Не сұмдық бұл? Қатаң жаза қолдануларыңызды сұраймын", - делінген жазба сипаттамасында.

Ал видео сыртында сөйлеп тұрған ер адам танысының балық аулап жүріп "үйрек ұстап алғанын", кешке қуырдақ болатынын айтады.

Видеоны көрген желі қолданушылары полициядан бұл адамдарды жазаға тартуды сұрауда. Олардың сөзінше, видеодағы құс үйрек емес, аққу.

"Жүрегім ауырғаны-ай осы видеодан", "Мыналар аққу екенін де білмейді ғой, "үйрек" дейді", "Үйрек емес, ол - киелі аққу. Аққуды өлтіруге болмайды", - деп жазуда желі қолданушылары.

Бұған қатысты Қызылорда облысы полиция департаменті пікір білдірді.

"Әлеуметтік желіде жарияланған видеодағы аққу құсын арнайы құралмен аулап-ұстау дерегі Қызылорда облысының полиция департаментінде және оған бағынысты қала, аудандық бөліністерде тіркелмеген. Қосымша тексеру жұмыстары жүргізілуде", - дейді Қызылорда ПД баспасөз хатшысы Гүлжаһан Қайырбергенова.

Кейін аталған жайтқа байланысты Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы да пікір білдірді.

"Әлеуметтік желіде белгісіз тұлғаның аққуды табиғи ортадан заңсыз алып қою әрекеті туралы жарияланып, таралып жүрген видеода Қылмыстық кодекстің 337-бабына сәйкес заңсыз аң аулау әрекеті байқалуына байланысты құқық бұзушыны және оның заңсыз іс-әрекетін анықтап, заң аясында тиісті шешім қабылдау үшін Қызылорда ОПД-не "Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы" РММ-нің 2022 жылғы 22 желтоқсандағы №03-12/1080-И хаты жолданды", - дейді инспекция өкілдері.

Аумақтық инспекция сондай-ақ осы мәселеге байланысты тиісті шешім қабылданатынын да атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2002632-aiyr-sugyp-oltirgen-zelide-aqquga-uqsaityn-qusty-aulagan-er-adamdardyn-videosy-tarady/

pixel