Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ұлым Алматыда, қызым Түркияда": Атыраудағы қаңғыбастарға арналған бейімдеу орталығын кім паналап жүр

Опубликовано:

Атырау
Атыраудағы қаңғыбастарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Атыраудағы қаңғыбастарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығын паналағандардың ең жасы 28-де болса, егдесі 80 жастан асқан. Орталықтағы тұрғындардың көбісі - жарты өмірін түрмеде өткізгендер мен аязда үсіп, мүгедек болып қалған жандар. Арасында уақытша қиындыққа тап болғандары да бар, деп жазады өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Атыраудағы әлеуметтік бейімдеу орталығында 30 адам тұрып жатыр. Оларға төсек-орын, таза киім және үш мезгіл ыстық тамақ тегін беріледі. Одан бөлек күніне 20-ға жуық адам мұнда түнеп шығу үшін келеді екен.

60 жастағы Тельман есімді ер адам орталыққа үш ай бұрын келген. II топ мүгедегінің әйелі ауылда қалған, ал балалары – студент.

Атырау
Әлеуметтік бейімдеу орталығының тұрғыны. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Үлкен ұлым Алматыда оқуда, қызым Түркияда оқып жатыр. Әйелім вахталық ауысыммен жұмыс жасап, балаларға ақша жіберіп тұрады. Отбасыны әйелім өзі асырап отыр. Мен масыл болмайын деп осы жаққа кетіп қалдым. Бұл жерде киімім жуулы, тамағымды уақытылы беріп отырады. Қызыммен жиі сөйлесіп тұрамын. "Папау, аяққа тұрғаннан соң сені алып кетемін" деп маған жиі айтады. Ең бастысы, балаларым жақсы білім алып, жұмысқа тұрсыншы деп тілеймін. Әрі қарай не боларын көре жатармыз", - дейді ол.

Орталық қызметкерлерінің айтуынша, қазіргі уақытта қызмет алушының құжаттары қайта рәсімделіп, мүгедектік тағайындалуда. Кейін ол заң бойынша қарттар үйіне жіберіледі.

Атырау
Бейімдеу орталығының тұрғындары. Фото: KAZ.NUR.KZ

57 жастағы Светлана - бес баланың анасы. Ол өзімен тағдырлас бес әйелмен бірге қуықтай бөлмені паналауда. Әйел қазіргі таңда тек екі баласымен ғана хабарласып тұратынын айтады. Оның сөзінше, енесінен қалған үйінде қызы тұрады, ал өзі далада қалған.

"Мен үлкен ұлыммен бірге тұрдым. Бірақ бірнеше айдан кейін кетіп қалдым. Оның өзінің отбасы бар. Мен өзім кезінде енемен тұрдым, сондықтан оның қаншалықты қиын екенін түсінемін. Өз жолыммен кеттім. Бірақ демалыстарда ұлдарыма барып тұрамын. Немерем де бар. Балаларым қол ұшын береді, дәрілерімді әкеліп тастайды", - дейді Светлана.

Атыраудағы орталық қала сыртындағы ғимаратта орналасқан. Ескі ғимараты сүріліп, қазір үш қабатты жаңа ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Ашылуы келесі жылдың мамыр айына жоспарланған. Орталық басшысы Мереке Жаңбырбаевтың айтуынша, қаңғыбастардың арасында жарты өмірін түрмеде өткізгендер көп, сондай-ақ уақытша қиындыққа тап болып, қаңғыбастар үйін паналауға мәжбүр болған жандар да бар. Олар әдетте осы жерді паналап жағдайын түзегеннен кейін қайтадан қалыпты өміріне оралып жатады екен.

"Орталықта әрбір келушіге психологиялық, құқықтық көмек те көрсетіледі. Құжаттарын жасап береміз. Алайда кейбір кісінің жеке куәліктерін жасау мүмкін емес болып жатады. Мысалы, бізге Украинадан, Беларусьтен келіп, осы жақта тұрақтап қалғандар бар. Бірақ Украинадағы қазіргі жағдайға байланысты ол жақпен байланыса алмай отырмыз. Әзірге орталықтағы үш тұрғынның құжатын жасау мүмкін болмай тұр. Олар зейнетақы да ала алмайды, қарттар үйіне де жібере алмаймыз. Сондай-ақ үйсіздердің басым көпшілігі медициналық сақтандыру бойынша ешқандай дәрігерден ем ала алмайды. Өйткені көпшілігі – жұмыссыз, арнайы төлем жүргізбеген. Бүгінгі таңдағы басты мәселе осы болып тұр", - дейді орталық директоры Мереке Жаңбырбаев.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2003336-ulym-almatyda-qyzym-turkiyada-atyraudagy-qangybastarga-arnalgan-beiimdeu-ortalygyn-kimder-panalap-zur/

pixel